Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына орай Алматы қаласы әкімдігі Қоғамдық даму басқармасының тапсырысымен «Алматы» телеарнасы деректі фильм түсірді
Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына орай Алматы қаласы әкімдігі Қоғамдық даму басқармасының тапсырысымен «Алматы» телеарнасы «Желтоқсан – Ел Тәуелсіздігінің бастауы» атты деректі фильм түсірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тұсаукесерге Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, Қоғамдық даму басқармасының басшылығы және Желтоқсан оқиғасына қатысушылар, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығын атап өту бойынша Алматы қаласы әкімдігі Қоғамдық даму басқармасының бастамасымен жыл басынан бері бірнеше іс-шара өткізіліп, «Алматы» телеарнасының ғимаратында Желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматтармен кездесу ұйымдастырылды.
Кездесуге желтоқсан ұйымдарының жетекшілері мен мүшелері, тарихшы-ғалымдар, телеарнаның шығармашылық ұжымы қатысып, Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығына байланысты түсірілетін деректі фильм, роликтер топтамасына ұсынылатын спикерлер, тарихшы-ғалымдар мен зерттеушілер, түсірілім локациялары мен уақыты белгіленді.
Түсірілім жұмыстарын ұйымдастыру барысында «Желтоқсан қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Желтоқсан» көтерілісіне қатысушы Нұрлыбек Қуанбаев, «Желтоқсан – 86» қоғамдық ұйымының жетекшісі Гүлбаһрам Жүніс және «Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мырзағұл Тәжіғұлұлы, «Желтоқсан жалауы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Үміт Босманова, «Желтоқсан рухы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Рысқұлбек, «Желтоқсан жұлдыздары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Баятқызы және басқа да ұйым жетекшілері, мүшелерімен редакторлық құрам бірнеше мәрте кездесті. Онда Желтоқсан көтерілісіне қатысты тарихи тың деректер мен бұрын-соңды айтылмаған оқиғалар, бейнеқор мұрағаттары мен жеке архивтердегі материалдарды пайдалану бойынша сұрақтар талқыланды.
«Алматы» телеарнасының бас директоры Нұржан Мұхамеджанованың айтуынша, фильм аясында көтеріліске қатысқан 60-қа жуық кейіпкер мен тарихшы-ғалымдардан сұхбат алынып, 30-ға жуық пікір жазылған. Қала әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша, Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылған және басқа да мемлекеттік деңгейде атқарылып жатқан шаралардан әзірленген бейнематериалдар топтастырылған.
«Алматы қаласы әкімдігі Қоғамдық даму басқармасының тапсырысымен «Желтоқсан – Ел Тәуелсіздігінің бастауы» атты деректі фильм түсіру жоспарланған болатын. 5 айға жуық уақыт ішінде «Алматы» телеарнасы «Желтоқсан – Ел Тәуелсіздігінің бастауы» атты 60 минуттық телевизиялық жоба әзірледі.
Фильмнің режиссері – Атлан Булыбаев, редакторы – Айдана Шалқарова, продюсері – Айгерім Асқарбай және басқа да шығармашылық ұжым мүшелері бар.
Фильм аясында көтеріліске қатысқан 60-қа жуық кейіпкер мен тарихшы-ғалымдардан сұхбат алынып, 30-ға жуық пікір жазылды. Марқұм Ләззат Асанованың анасы Алтынай Асановадан тамыз айында сұхбат алынған болатын. Өкінішке қарай, Алтынай Асанова бірнеше аптадан кейін бақилыққа аттанды. Фильмде белгілі тарихшы-ғалым Талас Омарбектің де пікірі енгізілген еді. Өздеріңіз білесіздер, Талас аға да жақында өмірден озды...
Жобада тарихшы зерттеушілердің деректері мен Желтоқсан қаһармандарының тарихи естелігі бар», – деді «Алматы» телеарнасының бас директоры Нұржан Мұхамеджанова.