Жоғары наградалармен марапатталғандардың арасында дәрігерлер, мұғалімдер, қоғам қайраткерлері, шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдері бар
Жоғары наградалармен марапатталғандардың арасында дәрігерлер, мұғалімдер, қоғам қайраткерлері, шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдері бар. Тәуелсіздік күніне орай Алматы қаласының барлығы 76 тұрғыны марапаттарға ие болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Салтанатты жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Тәуелсіздіктің құнды мереке екенін атап өтті.
«Бүгінгі Қазақстан – табысты, қарқынды дамып келе жатқан мемлекет, ал біздің қаламыз Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі. Тәуелсіздік жылнамасында алматылықтардың да үлесі бар екенін мақтанышпен айта аламыз. Осы уақыт ішінде біз маңызды жетістіктерге қол жеткіздік. Алматы бизнес пен жеке капитал шоғырланған қалаға айналып, ел экономикасының бестен бір бөлігін және республикалық бюджеттің үштен бір бөлігін құрады. Осы жетістіктердің барлығы – мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғылым мен білім, мәдениет және спорт, денсаулық сақтау, азаматтық қоғам, мемлекеттік қызметшілер және әлеуметтік қорғау, энергетика, коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік өкілдерінің еңбегі. Бүгін сіздердің еліміз бен мегаполистің дамуына қосқан үлестеріңіз жоғары мемлекеттік наградалармен лайықты түрде марапатталды», — деді Алматы әкімі Б. Сағынтаев және жиналғандарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
II дәрежелі «Достық» орденімен Қазақстан-Франция Іскерлік кеңесінің тең төрағасы А. Кәрібжанов марапатталды. «Құрмет» орденіне 11 алматылық ие болды, олардың арасында №5 емхана бас дәрігерінің орынбасары А. Абдрахманова, еңбек ардагері З. Ахметова, №169 мектеп-лицейдің директоры Г. Бекенова, Онкология және радиология институтының директоры Д. Қайдарова, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Д. Қуатов, композитор,«Қазақ авторлар қоғамы» РҚБ төрағасы Б. Қыдырбек және басқалары бар.
III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен «Алматы Электротранс» ЖШС троллейбус жүргізушісі Р. Қалмұхамбетовтің, «Алматыметроқұрылыс» АҚ тау-кен шебері Т. Қоңыратовтың, «Конкрит Продактс» ЖШС бетон бұйымдары цехының шебері А. Синишиннің еңбектері аталып өтілді.
Бірқатар қала тұрғындары қажырлы еңбектерінің арқасында «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Олардың арасында №83 гимназияның физика пәнінің мұғалімі Л. Аратай, «Алматының ЭлектроЩит зауыты» ЖШС директоры М. Аумолдаев, «Балалар мен жасөспірімдердің кешенді №5 мамандандырылған спорт-техникалық мектебі» МКҚК аға жаттықтырушысы К. Ещенко бар.
«Шапағат» медалімен «Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы» МҚК директоры Г. Бодыковтың, «Орталық қалалық клиникалық аурухана» МҚК-ның соматика бөлімінің аға медбикесі Р. Омарованың, «№1 қалалық перзентхана» МҚК-ның акушер-гинекологы П. Садыкованың, «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ бөлім басшысы И. Хусаинованың және басқаларының еңбектері аталып өтті.
Бұлардан өзге, еріктілер, медициналық-коммуналдық мекемелердің қызметкерлері Қазақстан Республикасының және Мемлекет басшысының Құрмет грамоталарымен марапатталды.