Алматылықтар көк байрақты балконына іліп, Тәуелсіздік күні мерекесін тойлауда

16.12.2020 19:15

16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні

Almaty.tv

Алматылықтар бүгін тұрғын үйлердің қабырғаларына Ту іліп, «Менің Туым – менің Отаным» акциясына қатысты. Осылайша Тәуелсіздік күніне арналған шара аясында қаламыздың барлық ауданында көк туымыз желбіреді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Шараға қатысуға мыңдаған тұрғын ат салысқан. Әсіресе, желбіреген жалауларды шаһардың орталық көшелерінің бойында орналасқан үйлерден байқауға болады. Науқан үш күнге дейін жалғаспақ.      

«Бәріміз де енді іліп жатырмыз, егер үйді қарасаңыз, көп адам. Өз елімізде, өз жеріміздеміз. Ары қарай ұрпақтың бәрі сондай бір жақсы тәрбиемен Отанына, халқына деген сүйіспеншілікке тәрбиелейді», – деді Алматы қаласының тұрғыны Қамар Нөкербаева.

Айта кетейік, бұған дейін азаматтарға Туды балкондарға ілгені үшін тыйым салынып келген еді. Бірақ жуырда ғана елімізде мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібі  қайта қаралып, туды ғимараттар мен салтанатты шараларда патриоттық сезімді білдіру мақсатында пайдалануға рұқсат берілген болатын.  

«Туымызды мақтан тұтамыз. Қазақстан –  біздің еліміз, үйіміз. Сондықтан Туды үй іргесіне ілу елге деген құрмет көрсету деп ойлаймын», – деді Алматы қаласының тұрғыны Елена Третьякова.