Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында мегаполистің Түрксіб ауданында «Желтоқсан» саябағында ескерткіш тас қаланды. Іс-шараға Желтоқсан бірлестіктерінің өкілдері, қоғам қайраткерлері, ақындар мен жазушылармен бірге Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қатысты. «Желтоқсан» саябағы ашылғаннан бір жыл өткен соң және Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына орайластырылып отырған монумент іргетасының қалануына қатысты ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
ҚР Жазушылар одағының төрағасы сондай-ақ Желтоқсан оқиғасының кеңестік жүйенің құлауына әсер еткен әрі әлемді дүр сілкіндірген оқиға болғанын атап өтті.
«Былтыр Алматы қаласының әкімдігімен бірге қаһарман желтоқсаншылардың құрметіне саябақ ашқан болатынбыз. Сол саябаққа биыл ескерткіш тақта орнатылып жатыр. Желтоқсан оқиғасы кеңестік жүйенің құлауына әсер етті. Желтоқсан – әлемді дүр сілкіндірген оқиға болды. Сол кезеңдегі тоталитарлық жүйе алаңға шыққан қаншама жастың тағдырын күйретіп, сындырып, өмірін мүлдем басқа арнаға түсіріп жіберді десеңізші. Кеңестік билік өзінің өктемдігін сол оқиғаға қатысқан жастарды езіп-жаншу арқылы көрсеткен еді. Желтоқсан оқиғасы қазақ тарихында қаралы, азалы, сонымен қатар қазақ жастарының қайсар рухын танытқан беттер болып жазылып қалады», – дейді Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.