Елордалықтар Алматы тарихына арналған айрықша көрмені екі ай бойы тамашалай алады

26.11.2021 21:06

«Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» көрмесі Елбасы кітапханасының музейінде ашылған болатын

Almaty.tv

«Алматыға барып көрмедім! Бірақ «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» көрмесіне қатысып ару қалаға барып келгендей күй кештім». Осылай деген елорда тұрғындары Қазақстан Республикасы Тұңғыш президенті – Елбасы кітапханасының музейіне барып, керемет әсер алғанын айтуда. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтары «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» көрмесінде оңтүстік астананың архивтік құжаттарымен, мұрағаттар мен музейлерімен, фотосуреттермен және Елбасы кітапханасының экспонаттарымен таныса алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Мәңгілік көктем қаласы! Орталық Азияның інжу – маржаны!» деп бір кездері Елбасы Алматыны перспективалар мен үлкен мүмкіндіктер орталығы деп атаған болатын. Екі миллионнан астам халқы бар қала өзінің ерекше табиғатымен, инфрақұрылымымен ғана емес, қарқынды дамуымен ерекше таңдандырады. Алматы қазақстандықтарға, ең алдымен, өз тарихымен жақын. «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» көрмесі ел тағдырындағы оңтүстік астананың рөлі туралы терең мағлұмат береді.

«Біз халыққа осы 30 жыл ішіндегі еліміздің жеткен жетістіктерін көрсетеміз. Бұл әрі ұрпақтар сабақтастығын құруға мүмкіндік беретініне сенімдіміз. Өйткені кеше болған оқиға өзінің кейбір айқындықтарын жоғалтып алады да, жаңа көзқарастар пайда болады. Ал мұрағаттық материалдар қойылған мұражай тарихты бұрынғы және сол күйінде көрсетеді», – дейді ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасы директорының орынбасары Күлайша Ақтаева .

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары бұл көрмені өте жоғары деңгейде бағалап жатыр. Олар әсем Алматының өткені және бүгінін көріп таңданысын жасырмады. Мектеп жасындағы баладан зейнетке шыққан тұрғынға дейін керемет әсер алғанын айтуда.

«Маған көрме ұнады. Бұл көрме Алматы қаласын еске салды. Мен Алматыда соңғы рет жазда болдым. Оқудан кейін сонда көшкім келеді», – дейді қала тұрғыны Әнел Рашитова.

«Мұндай кереметті көремін деп ойлағаным жоқ. Жасым 76-ға келді. Әсерім өте күшті... Алматыны жақсы көремін. Біздің заманымызда соғылған қала ғой. Әсіресе 60-90-шы жылдардың аралығы ыстық көрінеді. Қазір де бәрі заманға сай, тамаша», – дейді қала тұрғыны Мәрзия Мұхаметаллина.

«Алматы мен үшін ерекше, тарихи қалалардың бірі. Қазақтың бір ерекше мақтан тұтар қалаларының бірі... Алматы туралы бұрыннан білетінмін. Бірақ өзім Алматыға барып көрмесемм де, өз көзіммен көргендей әсер алдым», – деді қала тұрғыны Ақбер Қуаныш.

Осылайша алматылықтар ұсынған құнды дүниелер нұрсұлтандықтардың көңілінен шықты. Оны келіп тамашалайтын жас ұрпаққа тәуелсіздіктің қадірін білуге тәрбиелейтіні де хақ. Айта кетейік, көрме 2022 жылдың 28 қаңтарға дейін жалғасады.

Қаламқас Нысанбай, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтан