Онда Желтоқсан оқиғасының кейіпкерлері, архивтен алынған құжаттар мен 1986 жылғы фотосуреттер қойылған
Алматыда Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығы қарсаңында «Желтоқсан» ескерткішінің іргетасы қаланды. Алматы қаласы әкімдігі мұрындық болған маңызды іс-шара Түрксіб ауданында былтыр ашылған «Желтоқсан» саябағында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айтулы жиынға Желтоқсан бірлестігінің мүшелері мен зиялы қауым өкілдері қатысып, игі тілектерін білдірді. Алғаш болып сөз сөйлеген қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров Тәуелсіздік мерекесіне орай алдағы уақытта да бірқатар бастамалардың жүзеге асатынын мәлімдеді.
Осыдан 1 жыл бұрын Түрксіб ауданында ашылған саябақта «Желтоқсан» белгітасы қойылды. Бұл – Желтоқсан қаһармандарына құрмет, құрбандарының абзал рухына тағзым белгісі еді.
Жиында сөз сөйлеген Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров тәуелсіздікке қол жеткізуде Желтоқсан қаһармандары мен құрбандарының ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.
«Мемлекетіміз тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтаймын. 35 жыл бұрын студенттеріміз, жастарымыз тоталитарлық жүйенің басып-жаншуына қарамай алаңға шығып, Президент айтқандай, Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштарына айналды. Ол біздің есімізде мәңгі қалады. Мына саябақ сол оқиғаға арналған. Біз осы жерге жастарды әкеліп, насихаттау жұмыстарын өткіземіз», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров.
Келесі жылы бұл белгітастың орнына «Желтоқсан» ескерткіші бой көтереді деп жоспарланып отыр. Қазір эскизді әзірлеу үшін мүсіншілер арасында арнайы байқау жарияланыпты. Конкурс жеңімпазын Желтоқсан қатысушылары мен қала әкімдігі біріге шешеді. Шараға қатысқан Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет болашақта ескерткіштің ашылуы өскелең ұрпақты тәрбиелеуде зор маңызға ие болатынын жеткізді.
«Желтоқсан қаһармандарына арналған үлкен ескерткіштің орны белгіленіп, соған тұғыры қаланып жатыр. Жыл сайын Желтоқсан қаһармандарын, Желтоқсанның құрбандарын құрметпен еске алу дәстүрге айналғаны қуантады. Біздің Қазақстанның Тәуелсіздік күні де сол күнге тұспа-тұс белгіленді», – деді ҚР Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.
Ал Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың бостандық үшін күресі жанқиярлық ерлігі тарих беттерінде алтын әріппен жазылары анық.
«Желтоқсан оқиғасына қатысқан қайраткерлердің бәрі келіп отыр. Осындай үлкен саябақ ашылды. Бұл – Тәуелсіздіктің жемісі. Желтоқсандықтардың, ақталып шыққан 543 адамның бәрі марапатталды», – деді «Желтоқсан рухы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Рысқұлбек.
«Осы күнге жетіп отырғанымызға тәуба. Қазақстан еліне айтар тілегім – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы құтты болсын. Өсіп келе жатқан жастарымыз білімді, өнерлі болсын. Еліміз тыныш, жеріміз аман болсын деп айтқым келеді», – дейді «Желтоқсан оқиғасына» қатысушы Анар Рахымжанова.
«Алматы. 1986. Желтоқсан» кітап топтарының авторы Талғат Айтбайұлы ел бірлігі мен ынтымағын нығайту жолында, Тәуелсіздік тұғырын биік ұстау тұрғысында атқарылып жатқан іргелі істер ұрпақ алдындағы зор міндет екеніне тоқталды.
«Біздің бабаларымыз мұраға қалдырған кең байтақ жеріміз, сол жерімізге ие болатын ұрпағымыз аман болсын. Алматы қалалық әкімдігіне мың рахмет айтамын. Осыдан 5 жыл бұрын «Желтоқсан» кітаптарының 5 томын шығарды», – деді публицист-жазушы Талғат Айтбайұлы.
Сондай-ақ саябақта ел азаттығы үшін күрескен тұлғалардың құрметіне ашық аспан астындағы мұражай да ашылды. Ондағы экспозицияларда Желтоқсан оқиғасының кейіпкерлері, архивтен алынған құжаттар мен 1986 жылғы фотосуреттер қойылған. Бұл қала тұрғындарына тарихтан сыр шертіп, ел азаттығы үшін күрескен батырларды дәріптеуге мүмкіндік беретін алаң болатыны сөзсіз. Мерекелік шара соңында жиылған қауымға эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт қойылып, ерекше көңіл күй сыйланды.
Аяулым Көлжігіт, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы