Алматыда Тәуелсіздік мерекесі қалай аталып өтті

17.12.2021 02:02

Мерекелік шаралардың шымылдығы «Тәуелсіздік монументінде» ашылды

Almaty.tv

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев та қалалықтарды ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен құттықтады. Шаһар басшысы Инстаграм-парақшасындағы жазбасында мегаполисті әлемнің ең үздік қалаларының қатарына енгізуге барлық күш-жігерін салатынын жеткізді. Халқына толағай табыс пен зор денсаулық тілеген ол мерейтойлық рәсімдерге де қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мерекелік шаралардың шымылдығы бүгін «Тәуелсіздік монументінде» ашылды. Тарихи ескерткіш алдында қала әкімдігі мен зиялы қауым өкілдері, Желтоқсан оқиғасына қатысқан қаһармандар мен мегаполис тұрғындары жиналып, ұлт азаттығы жолында құрбан болғандардың рухына тағзым етті.

Көптен күткен мерейтой қаладағы Республика алаңында басталды. Ұлт азаттығы жолында күрескен ұлы тұлғаларды еске алып, тарихты ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған ресми рәсімде гүл шоқтарын алғашқы болып қала әкімі Бақытжан Сағынтаев пен оның орынбасарлары қойды. Патриоттық әуенмен сүйемелденген шараға шаһардың зиялы қауым өкілдері де қатысты. Өткенге тағзым еткен қоғамдық кеңес мүшелері қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, еліміздің әлі де бағындырар белесі көп екенін алға тартты.  

«Еліміз өзінің осындай мықты екенін, қабілетті екенін дәлелдеді. Біз дүние жүзінде кейінге қалып қалған жоқпыз. Қарасаңыздар, 205-тей мемлекет пен елдер бар. Соның ішінде Қазақстанның экономикасы 46-орында тұр. Алдымызда тұрған 10 шақты елден озып кетуімізге болады. Сондықтан 40 елдің қатарында, кейін 30 елдің қатарына қосылуға толық мүмкіншілік бар. Мақсат – жай ғана тізімге кіру емес, біз қабілетті халықпыз», – деді қоғамдық кеңес төрағасы Рахман Алшанов. 

Таңғы сағат 10-да басталған ресми рәсім «Батыр» Президенттік полкі әскери бөлімінің құрметті қарауыл сапы, Алматы өңірлік гарнизонының әскери-үрмелі оркестрі мен сарбаздарының бастамасымен жүзеге асты. Тарихи ескерткішке гүл шоқтарын қоюды қалалық ардагерлер кеңесі жалғастырды.

«Біздің мемлекетіміздің халықаралық деңгейде өзінің үлкен орны бар. Экономикасы дамып, ғылым, әлеуметтік сала, мәдениет, барлық салалаларда қомақты жетістіктерге жетіп отыр. Бүгінгі күн – ата-бабамыздың аңсаған күні», – деді ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахан Бижанов. 

Ал салтанатты шараның құрметті қонақтары Желтоқсан оқиғасына қатысқан қаһармандар болды. Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қойған ақтаңдақтар 1986 жылы құрбан болған боздақтардың рухына тағзым етіп, бүгінгі бейбіт өмірдің таңына шүкіршілік етеміз дейді.

«Қала халқының көңіл күйі сондай көтеріңкі. Өзіміз де керемет күйде тұрмыз. Әрқашан еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы болып, еліміз тыныштықта, бақытта өмір сүрсін деп тілейміз», – деді «Желтоқсан жұлдыздары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Мұстафина.

Сондай-ақ алаңға жиылған мәдениет қайраткерлері мен саясаткерлер, тарихшылар да өткенді ұлықтап, өскелең ұрпаққа үлгі көрсетті. Қазақстан Халқы Ассамблеясының және этномәдени бірлестіктердің өкілдері еліміздің егемендігі көп ұлттың бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруіне мүмкіндік берді дейді.

«Біз Тәуелсіздік алғалы 30 жыл ішінде көп жетістікке жеттік. Оның барлығы осы тәуелсіздіктің ісі, бірлік-ынтымақтың күші. Бір ел, бір халық, бір ата-ананың баласындай болып соған жетіп жатырмыз», – деді Қазақстан ұйғырларының республикалық этно-мәдени орталығы төрағасының орынбасары Долқынтай Абдухалилұлы.

Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі десек, ұлт бостандығы үшін күрескен ұлы тұлғаларымыздың рухына тағзым етіп, ресми гүл шоқтарын қою рәсімінің дәл осы монументте өтуі бекер емес. Себебі мұнда еліміздің егемендігінің символы ретінде «Алтын адамның» ескерткіші қойылған. Ал мына қабырғада Қазақ хандығының құрылған сәтінен бастап, Желтоқсан оқиғасы және Тәуелсіздігіміз жарияланған күнге дейінгі оқиғалар суреттермен берілген.

Қасиетті «Тәуелсіздік» – қастерлі ұғым. Еліміздің азаттық алғанына 30 жыл өтсе де, Қазақстан жаһандық реформалардан бастап, ауқымды өзгерістерге дейінгі жолды жүріп өтті. Жас мемлекет бола тұра, дүниежүзілік қауымдастықты мойындатып, жоспарлы экономиканы нарықтық экономикаға алмастырған зайырлы елге айналды. Ал Алматы әрқашан оның алтын бесігі болып қала бермек.

Аяулым Көлжігіт, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы