Алматыда рәміздер күніне орай ауған соғысы ардагерлері автошеру өткізді

Almaty.tv
Almaty.tv
25 көлік көк туды желбіретіп, қаланың көшелерімен жүріп өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда рәміздер күніне орай ауған соғысы ардагерлері де автошеру өткізді. 25 көлік көк туды желбіретіп, қаланың көшелерімен жүріп өтті.  Дәл осындай шараны алматылық көлік иелері мен байкерлер де ұйымдастырды. Олардың арасында Қазақстанның туымен 170 елде мотоциклмен жүріп өткен Дмитрий Петрухин де бар, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ауған соғысы ардагерлерімен өткен автошеру Республика алаңынан бастау алды. Шерушілер қаланың басты көшелерімен 5 шақырым жолды жүріп өтті.

Автошеру осы мен тұрған 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында аяқталды. Ауған соғысының ардагерлері егемен еліміздің нышандары ту мен елтаңбаны қоддарына ұстап саябақ ішімен жүріп өтті.  Олар мұнда қала жұртымен бірге әнұранымызды орындау үшін арнайы келді.

Саябақ орталығында ұйымдастырылған салтанатты жиында мемлекеттік нышандар ұлықталды. Ардагерлер сапқа тұрып, рәміздерге тағзым етті. Олар жалпы қала бойынша ұйымдастырылған акция аясында өзге алматылықтармен бір мезетте гимн орындады.

Көк ту көкке көтеріліп, әнұранымыз шырқалған кезде, көзіне жас алған ардагерлер де болды. Мемлекеттік рәмізге құрмет елін сүйген әрбір азаматтың парызы дейді олар.

«Бұл көзге жас келетін нәрсе. Ту деген бұл жеріміз, еліміз. Бұл үшін ата-бабаларымыз жанын берген. Керек болса, біз де жанымызды береміз әлі де», – деді Алматы облысы Қарасай ауданы Тәжік-ауған соғысы ардагерлері қоғамының төрағасы Пернебай Қаныбеков.

«Халқым үшін, елім үшін деп осы артымыздағы ұрпаққа, жастарға үлгі көрсету үшін, халқымызға осы күнді есіне алып, ұмытпасын деп бүгін шеру жүргіздік. Ауған, Тәжікстан ардагерлері бар», – деді Басқа елдер аумағындағы жауынгерлік ұрыс қимылдарының ардагері Өміртай Смағұлов.

«Осы рәміздермен бізді қазақты таниды. Біздің Қазақстанымызды таниды. Сондықтан мұның маңызы келешек ұрпаққа, біздің мемлектімізге өте үлкен», – деді«Көк байрақ» ҚБ төрағасы Әуез Бейсенбаев.

Рәміздерді ұлықтауға арналған автошеруді 20-дан астам көлік жүргізушісі мен  байкерлер де қолдады. Іс-шараға 2004-2011 жылдар аралығында мотоциклмен әлемнің барлық құрлықтарын жүріп өтіп, Қазақстанның туын 170 елге танытқан байкер Дмитрий Петрухин қатысты.

Сымбат Ноғай, Ғани Қалуов, «Алматы» теларнасы

Новости партнеров