|
15.11.2021 | 20:36
6162

Алғашқы Президент сайлауы, Семей полигонының жабылуы: 1991 жыл қандай тарихи оқиғалармен есте қалды

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсімі Алматыдағы Республика сарайында өтті

Алғашқы Президент сайлауы, Семей полигонының жабылуы: 1991 жыл қандай тарихи оқиғалармен есте қалды коллаж Almaty.tv

Биыл баға жетпес байлығымыз – Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтудеміз. Егемендікті алу, әрине, оңай болған жоқ. Ал оны орнықтыру одан да үлкен күшті талап етті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың орасан күш-жігері, терең ақыл-парасаты, салмақты саясаты және қазақстандықтардың бірлігі арқылы бақытымыз баянды болды. Almaty.tv тілшісі азаттық үшін арпалысқан ата-бабаларымыздың арманы орындалған 1991 жылдың қандай тарихи оқиғалармен есте қалғанына шолу жасап көрген еді.

Алматы! Тәу етер жалғыз киеміз – Тәуелсіздіктің туын желбіреткен қала. Алашқа арман болған азаттықтың алтын бесігі. Ел егемендігінің жылнамасы осы шырайлы шаһардан бастау алды. Мемлекеттің іргесін бекітіп, тұғырын нығайтқан да – әсем қала Алматы!

1991 жылдың 1 желтоқсаны. Бұл күн – қазақ халқы алғаш рет басшысын өзі таңдап, дербестігін демократиялық сайлау арқылы жүзеге асырған айтулы күн. Дәл осы күні Қазақстан тарихында алғаш рет бүкілхалықтық сайлау өтті. Сайлаушылар дауысының 98,78 пайызын жинаған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Президент болып сайланды. 

Тарихында талай тауқіметті тартқан қазақ өзінің, мемлекетінің болашағын Президентке сеніп тапсыра алатынын алғаш рет сезінді. Осылайша, еліміз жаңа қоғамдық-саяси кезеңге қадам жасады. Осы кезде Қазақстанның Тәуелсіздігін жариялау кезекті маңызды мәселе ретінде күнтәртібіне шығарылды. 

«Тәуелсіздік бір күнде келген жоқ. Тәуелсіздікті ата-бабамыз аңсап, батыр бабаларымыз көксеп кеткен. Тәуелсіздіктің арқасында шекарамыз шегенделді. Көк байрағымыздың ортасындағы алтын күніміз жарқырап тұр. Ол бүкіл әлемге біздің Отанды қалай сүйетін, бейбітшілікті қалай жақсы көретін халық екенімізді білдіреді... Шешен болсын, кәріс болсын, талай ел осы Қазақстанда өсіп-өнді, ол да болса, қазақтың кеңпейілдігінің арқасы», – дейді мемлекет және қоғам қайраткері Бақытжан Ертаев.

1991 жылдың 10 желтоқсаны. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияға қол қойып, Қазақстан халқына қалтқысыз қызмет етуге салтанатты түрде ант берді. Ұлықтау рәсімі Алматы қаласындағы Республика сарайында өтті.

«Құрметті халайық! Көпұлтты репсубликамыздың халқына қалтқысыз қызмет етуге, Қазақ Республикасы Конституциясын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, өзіме жүктелген Қазақ Республикасы Президентінің мәртебелі міндеттерін адал орындауға салтанатты түрде ант етемін», – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы деген атауды заңды түрде жойған тарихи құжатқа қол қойды. Ата-бабамыз аңсаған азаттықтың арайлы таңы атты.

Алматы қаласында кезінде Қазақ КСР Үкімет Үйі болған ғимаратта қазіргі таңда Қазақ-Британ техникалық университеті орналасқан. Ғимараттың Тәуелсіздік залында елімізді дамыту жолында ең маңызды шешімдер шығарылған болатын. Бұл залдың Тәуелсіздік деп аталу себебі бар. Өйткені 1991 жылдың 16 желтоқсанында дәл осы жерде ҚР Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституция қабылданды. Сол күннен бастап Қазақстан сыртқы және ішкі билікті өзі жүргізетін тәуелсіз, демократиялық және құқықтық құзіретін заңмен рәсімдеді.

Елбасы ұлықтау рәсімінен кейін де халықтың алдына шығып, сөз сөйледі. Қуанышы қойнына сыймаған жұрт Республика алаңына жиылды. Ұлы елге айналатынымызға үлкен үміт артылды.

Ал 1991 жылдың 29 ьтамыз күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей полигонын жабу туралы Жарлығы шықты. 40 жылдан астам уақытқа созылған зұлмат тоқтады. Қазақстан Республикасының егемендігі туралы декларацияда ел аумағы ядросыз аймақ деп жарияланды. Полигонның жабылуына танымал қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов бастаған «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы үлкен үлес қосты. Осылайша ғасырлар бойы қасаң қасірет пен зобалаңды көрген, «мың өліп, мың тірілген» қазақ ұлты Тәуелсіздікке де қол жеткізді.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир