Мегаполис экономикасының қозғаушы күшіне айналған өнеркәсіп саласы жаңа зауыттармен толықты
Егеменді ел болған күнге орай Алматыда әлеуметтік маңызды нысандар ашылды. Ірі даңғыл, көшелер кеңейіп, жолайрықтар қолданысқа берілді. Мегаполис экономикасының қозғаушы күшіне айналған өнеркәсіп саласы жаңа зауыттармен толықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Күні кеше Алматыда 211 отбасы баспаналы болды. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында пәтер кезегінде тұрған, ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балалар мен бірінші және екінші топтағы мүгедектер, сондай-ақ асыраушысыз қалған жалғызбасты аналар пәтер алды. Жалпы, жыл басынан бері 3761 отбасы дәл осындай қуанышқа кенелген еді. Оның ішінде «Бақытты отбасы», «Алматы жастары» бағдарламалары бар.
«Мен 6 жастан бастап балалар үйінде өстім. Сол жақта 12 жыл болдым. Қазір 18-демін. Қазір ата-анамды таптым, соған қуаныштымын. Қазір үй алып жатырмын. Сол үшін шексіз алғысымды айтқым келеді», – дейді қала тұрғыны Жомарт Жақыпбаев.
Ал Наурызбай ауданында компьютерлік томографиялық модуль ашылды. Орталық №36 емхананың базасы аумағында жұмыс істейді. Дәл осындай КТ-орталық Алатау ауданында да алғаш рет пайдалануға берілді. Енді 330 мыңға жуық аудан жұрты томографияға түсу үшін алысқа барып сабылмайды. Медицина орталығы жылына 14 мыңдай зерттеу жүргізуге қауқарлы.
«Ең бастысы, медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру мақсатында ашылды. 5 мемлекеттік, 2 жекеменшік емханамыз бар. Бүкіл Алатау ауданының халқы, тұрғындары осы КТ орталықты қолдана алады», – деді Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.
Сондай-ақ Тәуелсіздік күні қарсаңында көпбейінді «Шапағат» оңалту орталығының ашылуы өтті. Мекеме психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан адамдарға және аутистік спектрі бұзылған балалардың дағдыларын дамытуға арналады. Бұдан бөлек, «Асыл Мирас» аутизм орталығы кеңейтілді. Нысанда 300 балаға дейін тегін медициналық-психологиялық көмек көрсетіледі.
«Ланцер» медициналық журналында әлем бойынша 78 миллион адам аутизммен ауыратыны жазылған. Бұл – үлкен мәселе. Егер отбасында аутист бала болса, онда ата-ананың қиналатыны сөзсіз. Біздің мекеме 7 жыл бойы осындай жеткіншектерге көмек көрсетіп келеді. Енді жаңа мамандарды тәрбиелеуге дайынбыз. Ол үшін қала әкімдігі бізге осы ғимаратты беріп отыр», – деді Профилактикалық медицина академиясының президенті, Б. Өтемұратов қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Алмаз Шарманов.
Алматының Индустриалды аймағында мұнай, газ, су тасымалдауға арналған диаметрі үлкен болат құбыр өндіретін өнеркәсіптік зауыттың тұсауы кесілді. Нысанда енді тұрақты түрде 304 адам жұмыспен қамтылмақ. Кәсіпорын жылына 100 мың тонна құбыр өндіре алады.
«Құбырлар мұнай, газ, су тасымалдауға қолданылады. Зауыттың бір ерекшелігі, мұнда коррозияға қарсы жабындар да өндіріледі. Қазір 170 адам жұмыспен қамтылды. Зауыт толық жұмыс кестесіне кіріскенде жұмысшылар саны 450 адамға дейін жетеді», – деді жоба жетекшісі Айбек Тұрсынғалиев.
Сондай-ақ Алатау ауданында өрт сөндіру депосы қолданысқа берілді. Ғимарат жап-жаңа 44 бірлік көлік техникасымен толықты. Депо Саялы, Көк-Қайнар, Томирис, Мәдениет сияқты шағынаудан халқын қызыл жалыннан қорғауға жұмылдырылады.
«Мұнда 131 адам жұмыспен қамтылады. Бөлімде негізгі және апаттық жағдайға арналған 10 өрт сөндіру автокөлігі орналасады. Жеке құрам үшін тұрмыстық үй-жайлар, демалыс, психологиялық бөлмелер, спорттық жаттығу залы қарастырылған. Сондай-ақ оқу-жаттығу жұмыстарына арналған ғимарат салынды», – деді Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Руслан Қасыбаев.
«Жаңа Алматы» кешенді жоспары қарқынды жүзеге асып жатыр. Қалаға кейін қосылған аудандардың инфрақұрылымы жақсаруда. Осы ретте алматылықтар тағатсыздана күткен Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесіндегі жолайрық пайдалануға берілді. Торапта енді көлік кептелісі 20 пайызға азаймақ.
«Алатау ауданына жол ашылып, халық қуанып жатыр. Біз қаншама жылдар бойы осы жерде қиналып жүрдік. Қалаға бару үшін кептелістен өте алмай тұратынбыз. Міне, бүгінкөптен күткен жол ашылды, сол үшін қала әкіміне рахметімізді айтамыз», – деді қала тұрғыны Дәлелхан Сұлтанов.
Сондай-ақ Абай даңғылының Момышұлынан батыс бағытындағы көлік қозғалысы ашылды. Жаңа жолдың ұзындығы – 3,5 шақырым. 6 жолақты. Ал Жасыл Алматы жобасы аясында Алатау ауданында жаңа саябақтың негізі қаланды. Табиғат жанашырлары Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнап бақтың алғашқы ағаштарын отырғызды. Бос жатқан жер болашақта 600-ден астам ағашпен толығады.
Назкен Еркін, Сағынғали Мұңайтпасов, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы