Амангелді Керімбайұлы: Тәуелсіздік алғанға дейін Алматыдан пәтер алу мүмкін емес еді

27.10.2021 01:27

«Алматы» телеарнасы ел егемендігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік мен үшін» челленджін бастады

Almaty.tv

«Кеңес заманында Алматыда пәтер тұрмақ, жақсы киімнің өзін сатып алу қиын еді». Қаланың қалыптасуында қажырлы еңбек еткен Амангелді Керімбайұлы еліміз Тәуелсіздік алғанға дейінгі қиындықтарды еске алды. Ол Кеңес Одағының тоқырау кезеңін де, еліміз тәуелсіздік алған тұсты да Алматыда басынан өткерген. Ол алып шаһардың 30 жылда еңсесін қалай тіктегені жайлы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.      

Амангелді Керімбайұлы Алматыға 1980 жылдардың аяғында көшіп келді. Ол жылдары елде әлеуметтік ахуал нашарлап, әкімшілік жүйе әлсіреді. Соның салдарынан сауда-саттықта алыпсатарлық белең алды. Дүкен сөрелері босап, әлеуметтік тауарлардың тапшылығы туындады.

«Аяқ-киім алу үшін, тіпті, қандай да бір шағын зат немесе жақсы киім алу үшін де Мәскеуге бару керек болатын. Ол кезде тіпті, кілемнің өзін де ала алмайтынбыз. Тек саудагерлер әкеліп сататын, ал дүкендерде ештеңе болмайтын. Бәрін біреу арқылы алатынбыз. Қазіргі заманда ақшаң болса, хабарлассаң болды, үйге әкеліп береді. Ал біздің заманымызда ол жағы қиын болды», – дейді қала тұрғыны Амангелді Керімбаев.

Амангелді Керімбайұлы «Қазақстан теміржолында» 45 жыл еңбек еткен. Оның айтуынша, ол кездері ең маңызды әлеуметтік нысандардың барлығы магистральдың айналасында ғана салынатын. Және тек тікелей Мәскеуге бағыныпты. Ал пәтерге екінің бірінің қолы жете бермейтін. Себебі баспана тек Одақтың даму жолында аянбай қызмет етіп, еңбегі сіңген жандарға ғана берілетін дейді зейнеткер.

«Бұрын Алматыға пәтер алу үшін ауылдан келген адамдарды жолатпайтын. Пәтер де берілмейтін, сатылмайтын да, ауыстырылмайтын да. Тек таныстар болмаса, Алматыға кіргізбейтін. Тәуелсіздік алғалы бәрі жақсы жағына қарай  өзгерді. Қазір Қазақстанның барлық жерінен келіп, қай жерге тұрамын десе де, не істеймін десе де, әркімнің өз еркінде», – дейді Амангелді Керімбаев. 

Зейнеткер тәуелсіз елде 5 бала, 15 немере мен 2 шөбере өсіріп отыр. Егемендік әрбір қазақстандықтың баға жетпес байлығы дейді ол.

Айта кетсек, Тәуелсіздікке қатысты естелігін бөліскісі келетін жандар арнамызға хабарласып, кезекті бейнематериалдың кейіпкері бола алады. Ол үшін «Тәуелсіздік мен үшін» және «Тәуелсіздік бесігі» тақырыбында видео түсіріп, 8-775-732-88-62 нөміріне жолдаңыздар.

Сымбат Ноғай, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы