Алматының Алатау ауданында 470-тен астам қылқан жапырақты ағаш көшеті отырғызылды

Almaty.tv
Almaty.tv
«Алматының қарағайлы орманы» жобасы «ECO FUND TABIGAT» жекеменшік қорының бастамасымен және қала тұрғындарының қатысуымен құрылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алатау ауданындағы «Алматының қарағайлы орманы» аумағында 470-тен астам қылқан жапырақты ағаш көшеті отырғызылды. Тәуелсіздік күні қарсаңында арнайы өтіп жатқан шараға «ECO FUND TABIGAT» жекеменшік қоры ұйытқы болып отыр. Әу баста қоқыс алаңы болған аумақтың қазіргі бейнесі қандай? Қаладағы жасыл желектің ауданы Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының нормаларына қаншалықты сай? Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғайдың материалында.

«Алматының қарағайлы орманы» жобасы осы жылдың басында «ECO FUND TABIGAT» жекеменшік қорының бастамасымен және қала тұрғындарының қатысуымен құрылды. Акция басынан бері Жасыл экономика басқармасы және жергілікті әкімдіктің қолдауымен аумақта 2,5 мыңнан астам ағаш отырғызылды.

«Бүгінгі акция Тәуелсіздік күніне арналады. Ағаштар отырғызған алаңға «Тәуелсіздік аллеясы» деген атау бердік. Қала аумағында жасыл желектердің жетіспейтіні белгілі. Сондықтан ағаштар санын көбейтуге барынша үлес қосуымыз керек», – деді «ECO FUND TABIGAT» ЖҚ төрағасының орынбасары Тимур Елеусізов.

Игі іс-шараға қала әкімі Бақытжан Сағынтаев та қатысты. «Шетсіз қала» және «Жасыл Алматы» бағдарламалары шеңберінде шаһар басшысының тапсырмасымен көк майса үшін 73 гектар жер бөлінді. Жалпы алаңға 35 мыңға жуық түрлі ағаш отырғызу көзделген. Ал көшеттерді егуге белсене қатысқан қала тұрғындарының да әкімдікке алғысы көп.

«Бүгін міне Алатау ауданында 480 түп ағаштар отырғыздық. Бүгінгі мынау Тәуелсіздік күнімен барлық қазақстандықтарды құттықтаймын. Еліміз тыныш, жеріміз тыныш болсын», – деді Алатау ауданының тұрғыны Ербол Байжанов.

Аймақта қылқанжапырақтылардың отырғызылуы да тегін емес. Себебі бір гектар қарағай орманы бір жылда 14 тонна көмірқышқыл газын сіңіріп, 11 тоннадай оттегі шығарады екен. Сондай-ақ, бұл ағаш түрі қысы-жазы жасыл күйін жоғалтпайды.  

Алғашқы уақытта қарағайлар жыл сайын 60 см-ге дейін өсіп отырады, ал 30 жылдан кейін биіктеуі баяулап, ені бойынша бұтақтардың өсуі басталады. Бұл ағаш орташа есеппен 150-300 жыл өмір сүреді. Тіпті, рекорд жасап 5 мың жыл тіршілік еткен қарағай да бар.

Мегаполистегі жасыл желектің ауданы қазір 894 гектар. Бұл бір тұрғынға шамамен өсімдіктердің 5 шаршы метрі келеді деген сөз. Ал, Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының нормасы бойынша шаһардың  40-60%-ын көк майса құрауы тиіс екен.

Сымбат Ноғай, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров