Бүгін ел астанасының ауысқанына 23 жыл. Дәл осы күні 1997 жылы Қазақстан Республикасының астанасы ресми түрде Алматы қаласынан Ақмолаға көшірілді. Бұл ұлы көш қазақ тарихында ерекше датамен сақталады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы – мемлекеттің саяси, әкімшілік, экономикалық, мәдени орталығы. Елдіктің еңсесі мен ұлттық бірлікті ту еткен бас қала. Ел экономикасының басты қайнарына айналған шырайлы шаһар.
Елдің бас қаласын Алматыдан Ақмолаға көшіру мәселесі тәуелсіздік алғаннан кейін көтеріле бастады. Алайда егемендік алған алғашқы жылдары Астананы Арқаға көшіреміз дегенге ешкім иланбады. Дегенмен 1994 жылы 6 шілде күні Жоғарғы Кеңес депутаттары астананы Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылдады. Депутаттар алдында жасаған тарихи баяндамасында Елбасы Ақмола қаласының тәуелсіз мемлекетіміздің астанасы болып таңдалуының 32 негізгі өлшемін көрсетіп берді. Олар: әлеуметтік-экономикалық, геосаяси, көлік инфрақұрылымы, инженерлік-коммуникациялық, құрылыс, еңбек ресурстары және басқа да қолайлы мүмкіндіктер еді. Бүгінде бұл идея ақиқатқа тайналды.
Ал 1997 жылы 20 қазанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, ел астанасы Алматыдан Арқа төсіне көшті. Ақшұнақ аязды күні Қазақстанның Мемлекеттік нышандары: Туы, Елтаңбасы, Президенттің штандарты жаңа қалаға жеткізілді. Сол кезде әуежайдан репортаж жасаған журналист Махат Садық тарихи күнде ақпарат таратып, жаһанға жар салғанымыз жадымызда мәңгілік сақталады дейді.
«Сол күні дәл бүгінгідей аязды күн болатын. Сонымен қоса, қар қылаулап бұрқасындатып тұрды. Дәл осылай ескі алаңда малақайымды шешіп тастап «Астана Ақмолаға ауысты» деп репортаж жүргізіп жаттым. Бір көзіммен бір шетелден келген елшінің басы тонып, бір министрдің оған малақайын шешіп беріп жатқанын көрдім... Екі ұшақпен Алматыдан зиялылар келді. Қазақ салтымен олар қазіргі мемлекеттік ту тұрған жерге Елбасы бастап, бүкіл ресми өкілдер, депутаттар барлығы құран бағыштады», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, журналист Махат Садық.
1998 жылы 6 мамыр - Елбасының жарлығымен Ақмолаға «астана» атауы берілді. Бұл кезде Қазақстанның жаңа астанасын көріктендіру ісі аса қарқын алып жатқан кез еді. Қазір бас қаламыз Тәуелсіздігіміздің нақ символына айналды. Жалпыұлттық дамуға серпін беріп, жылдан-жылға аршындап, адымдап дамып келеді.
Бұл – қазақ халқының келешек қарқынды дамуға қарай жасаған тағдыршешті қадамдарының бірі еді дейді депутат Қуаныш Сұлтанов. Бүгінде Нұр-Сұлтан атауына ие болған шаһар әлемдегі ең сәулетті қалалардың біріне айналды. 1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша Астана қаласына «Бейбітшілік қаласы» атағы беріліп, медальмен марапатталды.
«Бұл жерге Қазақстанның 4 бұрышынан біздің балалар келді, біздің ел-жұрт келді. Бұрын бұл жерде қазақтың саны 7-ақ процент болатын. Ол проценттің 5 проценті қазақ тілінде сөйлемейтін. Ал казір 78 процент қазақтар осында тұрады. Барлық өңірлерден осында халық жиналды, 1 миллионнан астам халық тұрады. Бұл бүкіл Қазақстандағы экономиканың жетекшісі болды, локомотиві болды», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов.
Бүгінгі Қазақстан Республикасының астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы деген атауға ие болған, түрлі халықаралық деңгейдегі шараларды өткізетін әлемге әйгілі қала. Көк байрағы көгінде жайнап, Бәйтерегі биікке бойлаған Ақордалы Астана - жер шарындағы ең көрікті қала! Азаттығымыздың алтын тәжіндей жарқыраған шырайлы шаһар.
Асылбек Тойбек