Тұсаукесер: ITumar телехикаясы көрерменге жол тартады

22.10.2022 20:28

Телехикая 24 қазаннан бастап дүйсенбі-сенбі аралығында сағат 21:50-де «Алматы» телеарнасынан көрсетіледі

Almaty.tv

Алматы телеарнасы жаңа телесериалдың тұсауын кеспек. Көпшілік көрерменнің назарына бұл жолы драма, романтикалық комедия жанрындағы "ITumar" телесериалы ұсынылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


Телехиканың режиссері Аян Найзабековтің айтуынша, 12 бөлімнен тұратын телесериал негізінен идея мен жаңашылдыққа толы жастар өмірін көрсетеді. Мұнда технология, командалық даму, махаббат сезімі бәрі қамтылған. Ал түсірілімнің сәтті өтуі әртістердің кәсібилігімен тікелей байланысты болды. 

"Біз кездескен жалғыз қиындық техникалық терминдерді қазақшалау болды. Ал жалпы актерлердің жұмысы, түсірілім кезі, құрамның қызметі жоғары деңгейде өтті. Осындай жобамен айналысқанымызға қуаныштымыз!" - деді ол.

Әр бөлім 26 минуттан тұрады. Ал 12 серияны түсіруге бір айға жуық уақыт кеткен.  Түсірілім кезінде бір кадрға үнемі 5 адамды сыйғызу қиындық тудырыпты. 

"Басты кейіпкерлерге идея келе береді, бірақ ол идеяны жүзеге асыру жолы және нәтижесі бөлек қой. Олар қандай нәтижеге жетеді? Олардың ойлағаны іске аса ма? Көрермен осы сұрақтарға жауап тауып, қызығып көреді деп ойлаймын", - деді телехикаяның редакторы Мадина Маханова.

Жобаның идеясы - жастардың жаңашылдығын, іскерлігін қолдау. Телесериал 24 қазаннан бастап көрерменге жол тартады. 

Мадина Оқас, Медет Саматұлы, Алматы телеарнасы