|
31.10.2022 | 15:21
2473

«Алматы» телеарнасы жаңа туындыны көрермен назарына ұсынбақ

Тағдыр тауқыметін тартқан жас отбасының өмірі баяндалатын телехикая «Жазмыш» деп аталады

«Алматы» телеарнасы жаңа туындыны көрермен назарына ұсынбақ

«Алматы» телеарнасы тағы бір тың туындыны көрермен назарына ұсынбақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тағдыр тауқыметін тартқан жас отбасының өмірі баяндалатын телехикая «Жазмыш» деп аталады. Сериал отбасылық құндылықтарға негізделген. Түсірілім тобы бүгінгі қоғамдағы өзекті тақырыпты кино арқылы көрсетуді көздейді.

18 жастағы Мариям мектеп бітіре сала сүйгеніне тұрмысқа шығады. Жаңа өмірге аяқ басқан ару көптеген қиындықтарды бастан кешеді. Қатарластары секілді студенттік өмір мен жастық шақтың қызығын көру Мариям үшін қол жетпес арманға айналады. Оның үстіне енесі дүниеге ер бала әкелмедің деп қаршадай қызды жазғырумен болады.

Тағдыр тауқыметіне тап болған Мариям ештеңеге мойымай, өзін-өзі қолға алуды шешеді. Сүйікті ісімен айналысып, оны дамытуды көздейді. Өкініштісі сол, өмірлік жары оған еш қолдау көрсетпейді.

«Осы сериалды көрген көрермен, оның ішінде әйелдер қауымы міндетті түрде бір ой түйеді деп ойлаймын. Себебі қазір көптеген әйелдер осындай жағдайда. Күйбең тіршілікпен өмірінің қалай өткенін байқамай қалады. Күнде бір тірлік, күнде бір нәрсе. Осы сериалды көру арқылы әйелдер қауымы ой түйіп, өз-өздерін жинап, батыл қадам жасайды деген ойдамын», – деді  актриса Аяжан Валиева

Драма жанрында түсірілген телехикая 12 бөлімнен тұрады. Туынды – Алматы телеарнасының төл өнімі. Сериал отбасылық құндылықтарға негізделген. Ал басты рөлдегі Мариямның жолдасын белгілі актер, радиожүргізуші Жандос Сейдаллин сомдайды.

«Бізде актрисалар, кішкентай бүлдіршіндер болды, түнде түсірдік, күз мезгілі болғандықтан күн суық болды, түсірілім кезінде осындай қиындық кездестә. Көрермен өз бағасын бере жатар, сапалы дүние ұсынамыз деген ойдамыз», – деді актер Жандос Сейдаллин

Жас отбасы өмірдің қиын тұстарын еңсере алады ма? Шытырман оқиғаға толы «Жазмыш» телехикасы бүгіннен бастап «Алматы» телеарнасынан көрсетіледі. Сериалды дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 21:00-де көруге асығыңыздар.

Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир