Телехикая 17 қазаннан бастап сағат 20:50-де «Алматы» телеарнасынан көрсетіледі
«Алматы» телеарнасы өз көрерменіне кезекті жаңа телесериал ұсынады. Алдағы дүйсенбі, 17 қазаннан бастап «Томпи. Армандар орындалады» атты сериал көрерменге жол тартады.
Романтикалық драма жанрында түсірілген сериал қазақ және орыс тілінде көрсетіледі. 12 бөлімнен тұрады. Әр бөлімнің ұзақтығы 26 минут.
Жастарға арналған аталмыш туындыда еліміздің танымал актерлері Тәуекел Мүслім, Назерке Назарова, Жания Джуринская, Нұрлан Алимходжаев басты рөлде ойнайды.
«Бұл жолы «Алматы» телеарнасының көрерменіне арнайы, «Я – пышка» фильмінің жалғасы ретінде «Томпи» сериалын түсіріп жатырмыз. Сценарий желісі сәл өзгергенімен біз басты рөлдерді сомдаймыз. Мен сол бұрынғыдай Макс Баянұлы болып қала беремін. Сәнмен айналысамын. Жалпы өзім жұмыс жолын актерліңтен бұрын, модельдіктен бастаған болатынмын. Сән индустриясы өзіме жақын болғандықтан, аса бір қиындық туғызбады. Сериал 70 пайыз қазақ тіліне аударылған. Алдағы уақытта аталмыш туынды көрермен жүрегінен орын алады деген ойдамын», – деді Тәуекел Мүслім.
Сондай-ақ кейіпкерлердің айтуынша, бұл сериал кез-келген адамның дене бітіміне қатысты кемшіліктерді дұрыс қабылдай білуге көмексетеді.
«Кез-келген адамды алып қарайтын болсақ, өзінің бір кемшілігі бар. Ол кемшілікті өзі ғана көпшіліктен жасырып қалғысы келеді. Ал сериалда өз дене бітіміндегі кемшін тұстарын дұрыс қабылдай білу, қалай жұмыс істеу керектігі туралы біраз дүние айтылады», – деді актриса Назерке Назарова.
Рөлдердің бірінде ойнайтын Жания Джуринскаяның айтуынша, сериалдың қыз-келіншектер үшін қызықты мәліметтер көп.
«Біз әсіресе қыздар өзіміздің түрімізге, дене бітімімізге қатты мән береміз. Басқалармен салыстырамыз. Біреуге ұқсағымыз келеді. Ал бұл сериалда осы мәселелер туралы айтылатын болады. Армандар орынталады деп бекер айтылмаған ғой, яғни оған қол жеткізудің жолы көрсетіледі. Сондықтан міндетті түрде «Алматы» телеарнасынан көріңіздер», – деді актриса.
Айта кетейік, «Томпи. Армандар орындалады» атты сериалы – жастардың патриотизмі мен адамгершілікке, сондай-ақ интеллектуалдық қабілеттерін ашуға бағытталған.
Телехикая 17 қазаннан бастап, дүйсенбі-сенбі аралығында сағат 20:50-де «Алматы» телеарнасынан көрсетіледі.