Тұсаукеcер: Almaty.tv көрерменге «Біздің әулет» атты отбасылық комедия ұсынады

Almaty.tv
Almaty.tv
Сағат 21:00-де сериалының екі бірдей бөлімін тамашалай аласыздар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жанұядағы береке мен бірлік. Almaty.tv көрерменге «Біздің әулет» деп аталатын отбасылық комедия ұсынады.

Қаланың күйбең тіршілігі мен қауырт жұмысынан босамаған ата-ана балаларына күтуші іздейді. Ол үшін кастинг ұйымдастырып, қызметкерлерге талап қояды. Қоғамдағы өзекті мәселелерді әзіл-қалжыңмен жеткізген сериал бүгіннен бастап көрсетіледі.

Басты рөлдердегі - Мәди мен Дина кәсіппен айналысады. Жұмыс, жұмыс деп екеуінің үйдегі тірлікке қолы тимейді. Сондықтан балаларына қарайтын, үй шаруасымен айналысатын қызметкер іздейді. Сөйте тұра, қызметкерге талап қояды. Бала тәрбиесіне аса мән берген отағасы қазақы тәрбиені білетін, «үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсетуді үйрете алуын қалайды. Олардың бұл талабын тура мағынада түсінгендер үстілеріне ұлттық киім киіп, дайындықпен келеді.

Жұмысқа жаңа орналасқан күтуші мен көлік жүргізуші ұзақ уақыт балалардың тілін таба алмайды. Ал балалар олардан құтылу үшін жоспар құрып, түрлі айлаға барады.

«Мен өзім 3 баламды да осылай күтушіге тастап немесе күтушісімен бірге түсірілімде жүрдім. Сол себепті маған таңсық дүние емес. Қазіргі жастардың  түсінбейтін тілі бар. Әр нәрсені қысқартып айтады. Осы мәселемен де сценарий жақсы жұмыс істеген. Әзілмен бала тәрбиесіне қатысты мәселені жақсы үштастырған», – деді актриса Алмагүл Қалмұханова

Телехикая комедия жанрында түсірілген. Кинода кәсіби актер Жалғас Толғанбаймен бірге Дәурен Жұмаділов, Жұлдызай Дүйсенбиева, Алмагүл Қалмұханова және жас таланаттар да бой көрсетеді.

«Жеке менің рөлім - үйдің отағасы. Бизнесмен, таңның атысы, кештің батысы жұмыста. Жанры комедия болғанмен, айтар ойы терең. Тақырыбы ауқымды», – деді  актер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жалғас Толғанбай.

Сыйластық пен адамгершілік секілді отбасылық құндылықты насихаттауды көздеген сериал бүгіннен бастап «Алматы» телеарнасынан көрсетіледі. Сағат 21:00-де «Біздің әулет» сериалының екі бірдей бөлімі көремен назарына ұсынылады. Отбасылық комедияны дүйсенбі мен сенбі аралығында арнамыздан тамашалай аласыздар.

Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров