«Almaty BALA FEST» телевизиялық фестивалі көрерменге қайта жол тартады

Almaty.tv
Almaty.tv
Бағдарламаның басты мақсаты – балаларды ынталандыру, қолдау
Жаңалықтармен бөлісіңіз

 «Тұмар-2022» телевизиялық бәйгесінде үздік ойын-сауық бағдарламасы болып танылған «Almaty BALA FEST» телевизиялық фестивалі көрерменге қайта жол тартады, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын» дей келе Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы жалаң ұран мен мерекелік іс-шаралардан» аулақ болуды айтқан еді. Президент тапсырмасына орай былтыр  «Алматы» телеарнасы  ұсынған бағдарламалардың бірі  –  «Almaty BALA FEST» телевизиялық жобасы.

2021 жылғы фестивальге талантты да, өнерлі жастар қатысып, көрермен ықыласына бөленген еді. Демек, мемлекет тарапынан балалар өнерін қолдап, олардың дамуына жасалған жағдай, сондай-ақ әділ қазылардың еңбегі, өнерлі өрендердің ықыласы фестивальдің үздік атануына себеп болған.

Жобаның биылғы ерекшелігі – жүргізуші таңдауда талапты күшейтік. Биязы мінезімен көзге түскен танымал актер Еркебұлан Мырзабек – бағдарлама жүргізушісі.  

«Біз үшін әр бала ерекше, әрқайсысы  талант иесі. Біз ешкімді бөліп жармаймыз. Әр бала Қазақстан болашағының жарқын кепілі деп білеміз»,  дейді Айгүл Ақсамбиева.

Бағдарламаның басты мақсаты – балаларды ынталандыру, қолдау. Сахнада өнер көрсеткен баланы көріп отырған көрерменді де қызықтырып, сенімін арттыру.

«Жаңа маусымда төрешілер құрамы өзгерген жоқ. Нұргүл Нұғманова, Данияр Өтеген, Гүлназ Жоланова қазылар алқасы құрамында отырады. Ал бағдарлама сайын ауысып отыратын төреші балаларға үлгі болатын танымал жастардың арасынан іріктеліп алынатын болады», – деді Айгүл Ақсамбиева.

Сондай-ақ осы маусымда көрермен көзайымына айналатын талант иелері көп. Әсіресе, қазақтың төл өнерін, ұлттық музыкасын серік еткен өнерпаздар саны артыпты. Солардың бірі – Аукен Дінмұхаммед.

«2 сынып оқып жүргенімде домбыраға қызыға бастадым. Ата-анам байқап, өнер мектебіне домбыра үйірмесіне берді. Домбыра арқылы Қазақстанды барша әлемге танытқым келеді. Осы жолғы  мақсатым – өнерімді одан әрі шыңдай түсу», - дейді Аукен Дінмұхаммед.

«Біздің кезімізде әнші де, топ да, актер де аз болатын. Қазіргі ұрпақ бізге қарағанда жан-жақты. Ең маңыздысы – қазіргі рэп, q-pop заманында балалардың өз түп-тамырына қайта оралып, халқымызды танытатын этникалық музыка бағытына бет бұруы», - деді Нұргүл Нұғманова.

Жаңа маусымда «Алматы» телеарнасында «Аlmaty BALA FEST» бағдарламасы қыркүйек айында эфирге шығады.

Новости партнеров