|
23.10.2022 | 22:18
2194

Тұсаукесер: «Алматы» телеарнасынан «Қилы заман» тарихи телехикаясы көрерменге жол тартады

Телехикая 24 қазаннан бастап дүйсенбі-сенбі аралығында сағат 20:50-де «Алматы» телеарнасынан көрсетіледі

Тұсаукесер: «Алматы» телеарнасынан «Қилы заман» тарихи телехикаясы көрерменге жол тартады Almaty.tv

«Алматы» телеарнасында тұсаукесер! Қазақ киносының қоржыны тағы бір тарихи туындымен толықты. Өткен жылы «Алматы» телеарнасы Шерхан Мұртазаның роман-трилогиясы желісімен  «Қызыл жебе» телехикаясын түсірген болатын.

Ал биыл Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына орай «Қилы заман» повесінің желісімен 12 сериялы телехикая түсірді.  

XX ғасыр қазақ даласы үшін тарихи қайшылықтарға толы тар заман болды. Елдің ұлттық мүдде мен бостандық үшін тұяқ серпуінің негізгі оқиғалары, екі бірдей үлкен көтеріліс осы ғасырда орын алды. Соның бірі – Қарқара көтерілісі. Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» повесі патшалық Ресейдің  «Жаныштау» саясатына төзбеген елдің жанайқайын баяндайды.

Тарихи туындының бас продюсері Ілияс Ысқақовтың айтуынша, мұндай тарихи телехикаяларды түсіру үлкен жауапкершілікті талап етеді.

«Соңғы жылдары «Алматы» телеарнасы жақсы бір үрдісті қолға алып келеді. Халқымыздың ұлы жазушыларының шығармаларын экрандау мәселесін жолға қойып, телехикаялар түсіріп жатыр. Былтыр Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебесі» түсірілсе, биыл Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына орай «Қилы заман» повесін экрандау қолға алынды. 12 сериялы телехикая көрерменге жол тартайын деп отыр. Қысқа мерзімде бұл телехикаяны түсіру оңай болған жоқ. Бір ғасыр бұрын болған оқиғаны еске алып, өскелең ұрпаққа өткен тарихымызды көрсетіп, насихаттау үлкен жауапкершілікті талап етеді», - дейді продюсер.

Сондай-ақ ол телехикая желісі по­вес­тегі оқиғалармен ғана шектелмейтінін айтады. Қарқара көтерілісін зерттеп жүрген тарихшылардың пікірін біліп, барлық жағдайды ескеруге күш салған.

«Біз осы сериалды түсірер кезде Қарқара көтерілісін зерттеп жүрген тарихшылардың пікірін біліп, барлық жағдайды ескеруге күш салдық. Бұл телехикаяның повестен кішкене айырмашылығы болады. Мұхтар Әуезов повестте 1916 жылғы оқиғаны әдемі суреттеп берген. Бірақ біз «Қилы заманға» телехикая болғаннан кейін, кішкене өзгерістер енгіздік. Себебі көрерменге оқиғаны жай баяндап қана беру онша қызық болмас деп ойладық. Біз бұл телехикаяға Ерсайын мен Анастасия атты жаңа кейіпкерлер енгізіп, көтеріліс трагедиясын олардың махаббаты, тағдыры арқылы көрсетуге тырыстық. Басқа да өзгерістер бар. Оны көрермен өзі көріп, бағасын бере жатар. Көрерменге жақсы көңіл күй сыйлайтын, ойландыратын телехикая болады деген ойдамыз», - дейді Ілияс Башарұлы.

Телехикаяда Ұзақ батырдың рөлін сомдаған Жоламан Әміровтің айтуынша, осындай тарихи фильмдер шығатын болса, жас ұрпағымыз тарихымызды біліп өсетін болады.

«Ең бірінші сыншы – көрермен. Образды бере алдық па, бере алмадық па? Көрерменнің көңілінен шықты ма, шықпады ма?  Бәрі де экраннан көрініп тұрады. Қазақтың тарихы терең, бірақ әлі сол тарихтың бір пұшпағы да ашылған жоқ. Осындай тарихи фильмдер шығатын болса, жас ұрпағымыз тарихымызды біліп өсетін болады. Тарихымызды көрерменге жеткізе алсақ, одан асқан бақыт жоқ», - дейді актер.

Телехикая 24 қазаннан бастап дүйсенбі-сенбі аралығында сағат 20:50-де «Алматы» телеарнасынан көрсетіледі. Назарыңыз бізде болсын!

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир