Қала прокуратурасы тәртіп сақшыларының жұмысын сынға алды

25.08.2017 11:38

Алматыда қылмыстың ішінде ұрлық-қарлық пен алаяқтық деректері кең тараған. Биылғы жылдың өзінде 26 мың осындай факті тіркеліпті. Бірақ ең қызығы оның тек 9 пайызы ғана сотқа жолданған. Ал 70 пайызы әлі күнге дейін ашылмапты. Қала прокуратурасы тәртіп сақшыларының жұмысын сынға алды. Айтуларынша, Алматыда соңғы 6 жылда әсіресе ұрлық дерегі көп тіркелген. Биыл ол тек бар болғаны 1 пайызға төмендеген. Онымен қоса, көлік ұрлығы да жиілеген. Қолының сұғанағы барлар темір тұлпарлардың 80 пайызын аула, көше мен көлік жөндейтін жерлерден үптеп кеткен.  Ал қылмыстың басым бөлігі Алатау, Әуезов, Жетісу мен Түрксіб ауданында орын алған.

«Автокөлік ұрлығының өсуіне байланысты қала прокуроры алаңдаушылық білдірді. Оған байланысты, нақты шаралар, нақты тапсырмалар беріліп, нұсқаулар берілді. Қазір қала бойынша 164 факті тіркелген. Барлық тіркелген қылмыстың 80 пайызы, яғни 4-тен 5-ін құрайды. Осы қылмыстарға күнде көңіл бөлу керек. Соңғы 5 жылда ұрлық күннен күнге артып, 250 пайызды құраған. Қылмыстың күрт өсуі 2012 жылдан бастап байқалып отыр. Ағымдағы жылы ұрлық фактісі қала бойынша 1,3 пайызға төмендеген. Яғни 27 мың 282-ден 26 мың 930-ға дейін. Ұрлық қылмысына тоқталып кететін болсақ, жылдан жылға аталған қылмыстың тіркелуі өсуін байқаған болатынбыз», - деді қалалық прокуратураның басқарма прокуроры Мұхамбет МҰРАТХАНҰЛЫ.

Оған қоса, Ішкі істер департаментінде 110 қылмыстық істе кінәлілер анықталмай, бостандықта жүр екен. Тіпті, тәртіп сақшылары әлі күнге дейін күдіктілерді іздемеген. Сондай-ақ арызданушылар тергеушілер мен анықтаушылардың жұмысына көңілдері толмайтын көрінеді. Бастарына бірнеше істі арқалаған олар арызданушыларға дұрыс ақпарат бермейді. Бұл жұмысты да қалалық прокуратура ретке келтіруді сұрады. Ал ең басты назар тәртіп сақшыларының жұмыс этикасына назар аударылмақ. Өйткені, 2012 жылдан бері 133 полицей қызметін асыра пайдалану, жемқорлық, алаяқтық деректері бойынша істі болған.