Қарақшылар қыруар несиеден құтылу үшін банкті тонаған

Қарақшылар қыруар несиеден құтылу үшін банкті тонаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қыруар несиеден құтылу үшін банкті тонаған. Алматыда «Альфа Банктің» бөлімшесін үптеп кеткен қос қарақшы кінәларын түгелдей мойындады. Олар қаржы орталығына келтірілген шығынның барлығын өтеп бермек. Күдіктілер мұндай әрекетке несиеден құтылу үшін барғандарын айтып ақталды. Белгілі болғандай, банкті тонағандардың бірі - Иван Жуковтың басында 500 мың теңгеден астам қарызы болған. Ал «Альфа Банктің» бұрынғы қызметкері Максим Бескишкин 7 млн теңге несие алып, қайтара алмай жүрген. Соттың өткен отырысында қос күдікті банкке тек қауіпсіздік қызметінің әлсіз жұмыс істейтінін көрсету үшін шабуылдадық деген. Бұл ойларынан айнып, қаржы орталығындағы қап қаражатты өздері иемденбек болғанын ашық айтты.


«Өз кінәмді толықтай мойындаймын және мұндай қылмысқа барғаныма өкінемін. Біз банкті тонағымыз келді, ол рас. Бірақ ешкімге зиянымызды тигізбейміз деп алдын ала келістік. Шабуыл кезінде қолданған қаруымызда оқ болған жоқ. Оны тек адамдарды үркіту үшін қолдандық», - деді күдікті Иван ЖУКОВ.


«2012 жылы үйімді кепілдікке қойып, 5 млн теңге несие алдым. Кейін өзім жұмыс істейтін «Альфа Банктен» 2 млн теңге тағы алдым. Өзімнің ай сайын алатын 200 мың теңге жалақым осы қос несиені төлеуге кетіп отырды. Отбасымды асырай алмай, әбден қиналғандықтан банкті тонап, тығырықтан шыққым келді. Кінәмді толық мойындаймын және барлық шығынды өтеп беремін», - деді күдікті Максим БЕСКИШКИН.

 

¤Қарақшылар өткен аптада 135 миллион сақталған қоймадан тек 65 миллион 310 мың теңгені қолды қылғанын айтқан болатын. Кейіннен банкте қайта есептеу жүргізіліп, нәтижесінде тағы 300 мың теңге кем шыққан. Күдіктілер бұл айыппен келіспесе де, алдағы 1 апта көлемінде бұл ақшаны да қайтарып беретіндерін жеткізді. Еске сала кетейік, маусым айында қаладағы «Альфа Банктің» бөлімшелерінің біріне қарақшылық шабуыл жасалған. Қос қарақшы қаржы орталығынан 65 млн теңгеден астам қаржыны қолды қылған. Көп ұзамай ұрылар қолға түсіп, тонау дерегі бойынша іс қозғалды. 


Новости партнеров