Қарасай ауданында қараусыз қалған халық бар

07.09.2017 14:43

Қарасай ауданында қараусыз қалған халық бар. 400-ге жуық жанұя тұратын шағын ауылдың аты да жоқ. Су, жол, газ сынды коммуналдық қызметтен жұрдай. Ақ шаңның асты мен арам шөптердің арасында отырған ауылдың оқушылары мектепке 5 шақырымдай жолды жаяу жүріп жетуге мәжбүр. Заты бар да аты жоқ елді мекеннің тұрғындары арнамызға хабарласып көмек сұрады. Елеңдеген елге елемеген басшылармен тілші тілдесіп келді. 

Бұл аты жоқ ауылдан балаларын 5 шақырымдағы мектепке әкеле жатқан ата-аналар. Арам шөптің арасындағы жабайы жол көліккеке де, жаяу жүргіншілергеде ортақ. Шаңдатып мектепке жеткенше шаршап қалатын балаларының өміріне алаңдаған ел «жолдың азабын бес жылдан бері тартып келеміз», - дейді. 

«Автобус жоқ, такси жоқ. Бірінші – кезекте жолды істесе. Былтыр өзіміз халықтан 3-5 мың теңгеден жинап 20-30 камаз тас төгіп шыққанбыз. Дегенмен, біз қалыпкеткен Қарасай ауданындағы бір мемлекет сияқтымыз», - деді облыс тұрғыны Талғар КЕРЕМБЕКОВ.

Жұрт жол ғана емес жарыққа да жарымай отыр. Қураған шөп өртеніп, қолмен тартқан  электр сымдары жанып кете береді екен. Атауы жоқ елді мекенде 400 жуық жанұя болса, әр үйде кемінде «үш баладан бар», - дейді Кемертоған ауылдық әкімдігінің өтірік уәдесінен көңілдері қалған халық. 

«Батпақ су ішеміз. Оны қол арбамен тасимыз. Осындай тіршілік жасаймыз. Жұмыс істейміз деп едік енді тек бала бағып отырық. Себебі, таңертең екеуін, түстен кейін екеуін мектепке апарам», - деді облыс тұрғыны Нұрқанат ТҰРСЫНҚАРЫ.  

Қаталаған ел бала-шағасымен қосып лай суды ішкеннен басқа амал жоқ. Ауылға тек жеке компания газ тартып берген. Бірақ, қалтасы жұқа ел құны қымбат көгілдір отынды қостыруға қауқарсыз. Қараусыз қалған халыққа көмек беріп, олардың мұқтажын  жоғарыға жеткізеді деген басшының сөзінен ұққанымыз осы

¤«Жол мәселесіне тоқталсақ, қазіргі уақытта ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлер болғандықтан жол салу мәселесі қарастырылмаған. Арыздарды қабылдап жіберіп жатырмыз. Біздің тараптан ешқандай кедергі жоқ», - деді Қарасай ауданы Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары  Қайрат СМАЙЛОВ. 

Жағдайды реттей алмасада жұмыстарына көңілдері тоқ басшылар «тұрғындардың құжаттарын  реттеп жатырмыз», - дейді. Бірақ, баспана  құжатының басым бөлігі әкімдік  емес, ХҚКО арқылы бітеді. Кезіндегі егіс алқабын жеке меншіктеп алған қожайыннан жер сатып алған елдің әлі қанша қиналары белгісіз.

Әмірболат Құсайынұлы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы