ҚазҰУ-дың алдында "Мәңгілік ел" қақпасы бой көтерді

05.09.2016 15:20




Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті алдында "Мәңгілік ел" салтанат қақпасы бой көтерді. Қақпаның қасбетіне ұлттық нақыштағы ою- өрнектер қашалып, классикалық стильде безендірілген. Бас қақпаның ашылу салтанатына студенттер, Рио олимпиадасының чемпиондары, ақын Олжас Сүлейменов және саяси қайраткер Кенжеғали Сағадиев бастаған университеттің танымал түлектері қатысты. Айтулы оқиғаға келген қала әкімі Бауыржан Байбек мемлекет басшысының "Мәңгілік ел" ұлттық идеясын айғақтайтын салтанат қақпасы Алматының тағы бір көркіне, әрі ғылым және білімнің символына айналады деген ой айтты.



 "Қазақ ұлттық университетінің түлектері, өздеріңіз білетіндей осы 25 жылдың ішінде қай салада болсын нәтижелі жұмыс істеп келе жатыр. Олардың еңбектерінің арқасында біздің еліміз осындай жетістіктерге жетіп отыр. Сондықтан, олар қаржатын жинап ешқашанда осы шыққан университет ұясын ұмытпай, өздері қолдап мына жастар үшін осындай сәулетті арканы қойып отыр",- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК. Құрылыс меценаттардың қолдауымен және университеттің ерікті түлектерінің жарнасы есебінен жиналған қаржыға жүргізілген. Салтанат қақпасының ашылуы, Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Алматы шаһарының 1000-жылдығына орайластырылды.