Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрылғанына 25 жыл

07.12.2016 15:32

Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрылғанына 25 жыл. 1991 жылдың алтыншы желтоқсанында Қазақ КСР-ның бұйрығымен құрылған құқық қорғау органы төл мерекесін атап өтті. Салтанатты шарада еңбегі еленген қызметкерлер марапатталып, еліміздің бас прокурорының атынан арнайы төс белгі, құрмет грамотасы сыйланып, бірқатарының шені көтерілді.

Ержан Аяпбергенов тәуелсіздік пен еліміздің басты құқық қорғау органы прокуратураның төл құрдасы. Жас маман төрт жылдан бері прокурор формасын киіп, заңды талаптар мен халықтың құқығын қорғап келеді. Ержан күн сайын тұрғындардан түскен арызбен танысып, заңды бұзғандарды әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартады. Мемлекеттік айыптаушы ретінде сот отырысына да ат салысады. Қазір ол Алатау ауданының бөлім прокуроры.

«Жеті жылдан бері күйеуінен баласына тиесілі ақшасын өндіре алмай жүрген кісіге, заң жүзінде борышкерді шақырып, керек алиментін өндіріп беріп, жалғыз басты анадан рахметін алған кезде менде прокуратура саласына деген сүйіспеншілігім арта түсті», - деді  Алматы қаласы Алатау ауданының бөлім прокуроры Ержан АЯПБЕРГЕНОВ.

Прокуратура Президент жарлықтарын, өзге де нормативтік-құқықтық актілердің заңды талаптармен орындалуын қадағалайды. Сонымен қатар, қылмыстық және әкімшілік істерді жүргізуде басты бақылаушы мекеме болып табылады. Ширек ғасырлық мерейтойда 36 құқық қорғаушы арнайы төс белгімен, 15 адамға ведомоствалық сыйлық, екеуі құрмет грамотасымен, үш прокурор алғыс хатпен марапатталды. Төрт қызметкердің шені көтерілді.

«25 жылда атқарған еңбектеріміздің нәтижесін саралап, алға қойған мақсаттарымызды айқындап, ардагерлерімізге, қызмет атқарып жатқан азаматтарымызға марапаттау болып жатыр», - деді Алматы қаласы прокурорының орынбасары Жарқынбек БАҚАШБАЕВ.

Алматы қаласының прокуратурасы мен аудандарында жалпы саны 330 маман жұмыс істейді. Олардың басты мақсаты халыққа құқықтық көмек көрсету. Қылмыстық іс бойынша прокурорлар мемлекеттік айыптушы ретінде қатысып, әділетті шешім шығаруға ат салысады. Айта кетейік, Еліміздегі басты бақылаушы орган 1991 жылдың 6 желтоқсанында Қазақ КСР-ының бұйрығымен құрылған.


Аршын Кемелжан, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы