Қазақстан зілтеміршілері АҚШ-та өтетін әлем чемпионатына қатыса алмайды

02.10.2017 20:52

Қазақстан зілтеміршілері АҚШ-та өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғай алмайды. Бұған 2008-2012 жылдары отандық спортшылардың қан құрамынан табылған допинг басты себеп болып отыр. Осыған орай, Бухаресттегі бас қосуда халықаралық ауыр атлетика федерациясы бір емес, бірнеше мәрте аталмыш затты қолданған ел атлеттерін спорттан аластатқан. Айта кетейік, ел мақтанышына айналған Ильин, Подобедова, Чиншанло, Манеза дәл осы тексеруден өте алмай, алтын медальдарынан айырылған болатын. 

¤«Алғашқы кезде Қазақстан тарапы бұл шешіммен келіспеді. Нақтырақ айтсам, 2014 жылдан бері жаттықтырушылар құрамы тіпті, спортшылар толыққанды жаңарды. Атлеттер бұрындары жасаған қателіктері үшін өмір бойы жауап беруі тиіс емес деп ойлаймыз», - деді Қазақстан Республикасы ауыр атлетика Федерациясының бас хатшысы Омар МҰСТАФИН.

¤Қазақстаннан бөлек, допингке тексеруден өтпеген Ресей, Қытай, Белорусь, Әзірбайжан, Түркия және Молдавия елінің спортшылары да алдағы уақытта өтетін әлем чемпионатына қатыса алмайды. Шектеу жасөспірімдер құрамасын қамтымайды. Естеріңізге сала кетейік, спорттық дода қарашаның 28 мен желтоқсанның 5 аралығында АҚШ-тың  Анахайм штатында өтпек. 

«Дәл қазіргі таңда қандай өзгеріс болатыны белгісіз. Бірақ, халықаралық федерация құрамы 9 мемлекетте тіркелген допинг жағдайын бақылайтын, онымен күресетін арнайы комиссия құрады. Осы сәтті бізде жіберіп алмауға бар күшімізді саламыз», - деді Қазақстан Республикасы ауыр атлетика Федерациясының жауапты хатшысы Асхат БАҒЛАНҰЛЫ.