Қазақстанда дәрі-дәрмек айналымын бақылаудың еуропалық жүйесі енгізіледі. Мәжілісте «Қазақстан Республикасында халықты тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттармен қамтамасыз ету және фармацевтика саласының жай-күйі мен дамуы туралы» тақырыбында парламенттік тыңдау өтті. Ал Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, жиында дәрілерге сараптама жүргізетін орталықтардың қызмет құны 15 есе қымбат екеніне шағымданды. Оның айтуынша, мемлекеттік мекемелер бұрын бұл қызметке 4000 теңге шамасында ақы алса, қазір 60 мың теңгеге бір-ақ көтеріліпті. Мәжілісте тағы қандай мәселе қозғалды. Оны қазір әріптесім Азамат Әуезхан тікелей байланысқа шығып жеткізбек.
Азамат, қайырлы кеш! Парламенттік тыңдау қалай өтті? Отырыста тағы қандай мәселелер қаралды? Толығырақ тарқатып берсең.
Рахмет, Сая! Шынымен де, Парламенттік тыңдауда еліміздегі басты мәселенің бірі - халықты қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Қалай десек те, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі бұрыннан бері айтылып келе жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуде қажетті дәрі мәселесін шешуді маңызды фактор етіп алуды да атап өтті. Бұл мәселені төменгі палата төрағасы Нұрлан Нығматуллин де бүгінгі жиында тағы бір еске салды.
«Жыл сайын халықты тегін медициналық көмекпен қамту үшін жұмсалатын шығындар көбеймесе, азаяр емес. Егер 2011 жылы дәрі-дәрмекті мемлекеттік сатып алуда бюджеттен 93 миллиард теңге бөлінсе, 2016 жылы бұл қаражат 164,4 миллиард теңгені құрап отыр. Оның үстіне, Қазақстанның барлық өңірлерінде туберкулезге, онкологиялық ауруларға қарсы дәрілік препараттар уақытында жеткізілмейді. Болмаса, басқа дәрілермен алмастырылады»,- деді ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы, ¤Нұрлан НЫҒМАТУЛЛИН.
Ал Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Ресейдің Орынбор қаласында дәрі-дәрмек бағасы бізбен салыстырғанда екі есеге арзан екендігін айтты. Облыс басшысы тіпті мысалдар да келтірді. Қант диабетіне қолданылатын дәрілер теңгемен есептегенде, көрші мемлекетте, 9000 теңге шамасында тұрса, бізде 17 мың тұрады екен. Айырмашылық 30 пайыздан 50 пайызға дейін жететінін айтқан облыс басшысы, барлығы ортадағы делдалдарға байланысты деп отыр. Баға саясаты да соларға тікелей байланысты. Сонымен қатар, аймақ басшысы дәріхана иелері мен олардың жауапкершілігін қатаң бақылауға алу керектігін де ұсынды.
«Біз, мұның кәсіп екенін түсінеміз. Дегенмен, мемлекет алдындағы, халық алдындағы жауапкершілікті сезінуіміз қажет. Бизнес ашық болуы тиіс. Егер осы мәселе шешілетін болса, әрине, халықтың алғысын аламыз»,- деді Ақтөбе облысының әкімі, Бердібек САПАРБАЕВ.
Қазақстанда дәрі-дәрмек айналымын бақылаудың еуропалық жүйесі енгізіледі. Бұл әрбір дәрі-дәрмектің жіті бақылауда болатынын көрсетеді. Нақтырақ айтсақ, олардың әрқайсысының арнайы коды болады. Бұл дәрілердің есепке алынуын және бақылауына өз септігін тигізбек.
«Қолда бар зертxаналардың сапасы арттырылады және дәрі-дәрмектің өндірушіден науқасқа дейінгі қозғалысын бақылаудың автоматтандырылған жүйесі енгізіледі. Дәрі-дәрмек айналымын бақылау және нарыққа контрафактілі өнімдердің еніп кетпеуі үшін еуропалық елдер тауардың әр қорабына 2D-кодтарды енгізу бойынша қарау қабылдаған. Осындай жүйенің Қазақстанда енгізілуі дәрі-дәрмек айналымын бақылап, есептеп отыруға жол ашады»,- деді ҚР Денсаулық сақтау министрі, ¤Елжан БІРТАНОВ.
Сая, Қазіргі уақытта отандық денсаулық сақтау жүйесі жүйелі реформаны енгізу кезеңінде тұрғаны ешкімге жасырын емес. Парламенттік тыңдауда сөз болған мәселелер, яғни дәрілік препараттардың қолжетімділігі медициналық көмектің қымбат түрлеріне жұмсалатын шығындарды азайта отырып, оны тиімді қолдануға және ауруханаға жату деңгейін азайтуға және емделушілердің өмір сүру сапасын жақсартуға сеп болатын секілді. Ал тыңдаудың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар әзірленетін болады. Әзірге менде осы. Сая сөз тізгіні өзіңде.
Рахмет. Тікелей байланысқа Астанадан әріптесім Азамат Әуезхан шықты. Ал, біз өзге жаңалықтарға ойысамыз.