Қазақстанда Голливуд фильмдері түсірілуі мүмкін. Ол үшін Үкімет тарапы барлық жағдайды жасамақ. Яғни, ландшафт пен ауа райына дейін көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, Астанада жаңа киностудия ашылмақ. Бұл туралы бүгін мәжілісте «кино индустриясына қатысты заң жобасын» талқылау барысында мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлімдеді.
«Біз негізге алған үш бағыт бар. Ол әрине саяси тұрақтылық, жақсы дайындалған кадрлық ұжым және әдемі біздегі 4 мезгіл. Сонымен бірге, Елорда да «Астана фильм» киностудиясын ашу мүмкіндіктері қарастырылуда. Бұл Елбасының тапсырмасы. Кино түсіру алаңына айналсақ, ол өз кезегінде осы сала шеберлерінің елімізде басқосуына қолғабыс етпек», - деді ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ.
Осы тарапта, «Қазахфильм» киностудиясы жерді ретті пайдалану, салық пен кедендік саланы қамтитын экономикалық аймаққа айналуы ықтимал. Мәдениет және спорт министрінің айтуынша жаңа заң жобасы Қазақстандық фильмдерді қаржыландыру ережесін өзгертеді.
«Әлеуметтік маңызы бар киноларды түсіруге ғана қарджы бөлінеді. Ең алдымен оған тарихи, патриоттық, документалды, анимациялық, дебюдтік кино картиналар кіреді. Ал, көпшілік назарына ұсынылған. Яғни, коммерциялық жобалар , жеке инвесторларды тарту негізінде қаржыландырылатын болады. Осы бағытты қолға алсақ, 2021 жылға қарай кино өнімдерін 30 пайызға арттырамыз деген жоспар бар. Әрі, бюджетке салмақ салмаймыз», - деді ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ.