ҚР ҰҚК Шекара қызметінің академиясына 85 жыл

29.12.2016 21:54

Ғасырға жуықтаған оқу орны. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің академиясы өзінің 85 жылдық мерейтойын атап өтті. Шекарашыларды даярлайтын оқу ордасының тарихы өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан басталады. Әр жылдары оқу орнының аты өзгергенімен, басты міндет - ел шебіне, мемлекеттік шекараны көзінің қарашығындай күзете білетін, лайықты, білімді мамандар даярлау болып қала берді. Сонымен қатар, ТМД елдеріндегі 10 шекара ведомоствасының басшылары осы академияның түлектері.


«Шекарашыларымызды қашанда міндетке деген адалдық, жоғары кәсіби біліктілік секілді қасиетті істер алға шақырып тұрады. Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара қызметінің академиясы Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігінің нығаюына өзінің лайықты үлесін қосуда»,- деді ҚР ҰҚК шекара қызметінің директоры, Дархан ДІЛМАНОВ.


Шекарашыларды дайындайтын оқу ордасы 20 мыңдай түлекті ұшырыпты. Салтанатты шара барысында, Шекара қызметі академиясының ұстаздары мен басшылары марапатталды. Айта кетейік, қазіргі таңда шекара академиясында Тәжікстан, Ауғанстан, Қырғызстан секілді елдердің өкілдері де келіп білім алуда. Оқу ордасында тек қана шекарашы офицерлер ғана емес, сонымен қатар, Ұлттық Қауіпсіздік комитеті академиясына, Қорғаныс министрлігіне, Ұлттық гвардия сабына да мамандар даярланатындығын атап өткен жөн.