Сардарлар сайысы. Ұлттық ұлан офицерлері арасындағы Республикалық конкурстың аймақтық кезеңі мәресіне жетті. Әскери бөлімнен топ жарып шыққан 24 отан қорғаушы Алматыда бақ сынады. Сардарлар 100 метрге және 3 шақырымға жүгіріп, нысананы дәлдеп атты. Әскери қызметкерлер қаруды шашып-жинаудағы шеберліктерін де сынады.
Оңтүстік өңірден - Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы әскери бөлімнен топ жарып шыққан 24 сардар №5571 әскери бөлімде бас қосты. 100 және 3 мың метрлік қашықтыққа жарысып, жаттығудан мүдірмей өткен отан қорғаушылар Калашников автоматты қаруын шашып, жинаудан сынасты. Қызылордадан келген Захидин Бабанов аталған қаруды 12 секундта шашып, 23 секундта қайта құрастырды. Бұл өте жақсы көрсеткіш.
"Мұндай сайыстың басты мақсаты сардарлардың жылдамдығын арттыру. Өйткені, соғыс жағдайындағы әрбір секунд сарбаздың тірі қалуына сеп болады. Айта кетейік, Калашников автоматты қаруын шашуды 12 секундта еңсерсе үздік, 12 секунд орташа және 16 секунд үшін қанағаттанарлық деген бал беріледі. Ал, оны жинау үшін 23, 25 және 27 секундтық норматив бар",- деді ҚР Ұлттық гвардиясы №5547 әскери бөлімінің лейтенанты, Захидин БАБАНОВ.
Сайыс кезінде Калашников автоматын шашып жинау тапсырмасы жүктелді. Қаруды шашудың өзіндік талаптары мен міндеттері бар. Бірінші, оқжатар. Одан кейін ұңғыдағы артық оқтық бар, жоқтығы тексеріледі. Одан кейін сүмбісі алынып, ұңғы қорабының қақпағы шешіледі. Әрі қарай қайтармалы механизм, бекітпе және бекітпе жақтауы мен газ түтік шешіледі.
Сардарлар нысананы көздеп ату бойыншада бақ сынады. Макаров тапаншасын қолға алған мергендер үздік нәтиже көрсетті. Тіптен, берілген 10 оқты да ондық нүктеге тигізгендер бар.
Екінші айналымға өткен 24 сардар арасынан Республикалық сайысқа тек үшеуі ғана жолдама алады. Яғни, "үздік рота командирі", "үздік рота командирінің орынбасары" және "үздік взвод командирі" анықталады.
"Екінші кезең бойынша үздік атанған сардарларға арнайы төс белгі мен мақтау қағазы тапсырылады. Ұлттық ұлан офицерлерінің арасындағы шешуі кезең Астана қаласында өтеді. Оған еліміздің төрт өңірінен үздік шыққан 12 сардар қатыспақ. Айта кетейік, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған сайысқа тек қана тәуелсіздік құрдастары қатысуда",- деді ҚР Ұлттық гвардиясы Оңтүстік өңірлік тәрбие және әлеуметтік құқық басқармасының аға офицері, Олжас БЕКБОСЫН.
Аршын Кемелжан, Рашит Шүкірәлиев, "Алматы" телеарнасы