Ұстаздарын аяусыз сабаған алматылық студенттерге қатысты іс мәресіне жетті

Ұстаздарын аяусыз сабаған алматылық студенттерге қатысты іс мәресіне жетті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

¤Алматыда профессордың үйін тонап, соққыға жыққан бес жігіт түрмеге қамалды. Соттың шешімімен олардың үшеуі - 11 жылға, біреуі - 10, енді бірі - 13 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Алайда, қылмыскерлердің жақындары қазының бұл үкімімен келіспеді.  Олар қайтара апелляциялық шағым түсіруге дайын отыр. ¤

Бес жігіттің ең кішісі 20 жаста болса, ал үлкені 23-те. Олар соттың үкімін көздеріне жас алып тыңдады. Профессордың үйіне топтасып ұрлыққа түскендердің үшеуі 11 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Ұрланған ақының біраз бөлігін қайтарған Мадияр Алтынбеков 10 жылға сотталды. Ал Данияр Әбдіқанов осы қылмысты жасамас бұрын, басқа "тонау" дерегі бойынша артылған жазасы бар екендігі ескерілді. Ол енді өмірінің 13 жылын темір торда өткізетін болды. Сотталғандар үйден үптеп кеткен 23 млн теңгеден астам ақшаны енді бірігіп төлейді. Өйткені, оны олар теңдей бөліскен. 

«Азаматтық талапкер Смагұловқа азаматтық жауапкерлер  Палманов, Қыстаубаев, Қосыбаев және Әбдіқанов, Алтынбекке материалдық және моральдық зиянды өндіруге ішінара қанағаттандырылсын. Азаматтық жауапкер Алтынбектен азаматтық талапкер Смагуловтың пайдасына материальдық зиян 821 мың 200 теңге өндірілсін. Азаматтық жауапкерлер Палманов, Қыстаубаев, Қосыбаев және Әбіқановтан азаматтық талапкер Смагуловтың пайдасына материалдық зиян 13 млн 194 мың 624 теңге ортақ тәртіппін өндірілсін», - деді Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Бақытхан БӘКІРБАЕВ.

Одан бөлек, моральдық шығын есебінде сот жәбірленушіге әрқайсысынан 500 мың теңгеден өндіріп бермек. Мұндай шешімге профессор Ағыбай Смағұлов пен оның жары қанағаттанды. Айтуларынша, бұл ақшаны олар әупірімдеп, 34 жастағы зағип ұлын емдетуге жинапты. Сондықтан, «жаза әділ берілді», - дейді.

¤«Келісемін де ризамын. Бұл сот процесі 6 айға созыып, бүгін мәресіне жетті. Соттың үкімімен біз толық келісеміз», - деді жәбірленуші Ағыбай СМАҒҰЛОВ.

Ал профессордың үйін тонаған бес жігіттің ата-анасы  ауыр жаза тағайындалды деп отыр. Өйткені, олар жәбірленушіге тек орташа деңгейде жарақат келтірді дейді. Ұрланған ақшаны да толықтай қайтарудан да қашпадық дегенді алға тартады. Айтуларынша, осыған дейін Ағыбай Смағұловтың алдынан өтіп, жағдайларын түсіндірген. Тек профессор, «шатақ шығарған ұлдарымызға кешірім бермеді», - дейді. Оған қоса, істе тағы бір адамның да жауап беруі керек деп отыр.

¤«Алматы облысының балалары біразы. Ол ақшаның қайда жатқанын қайдан біледі. Бүгінгі сот отырысында жаңа ауыр жазасын арқалап отыр. Біз ата-ана оған келіспейміз. Жаңағы Смағұловтың алдынан балалар ұсталғанан кейін барып кешірім сұрадық. Аяғына да жығылдық. Балалар ұстамаған ақшасының жартысын 25 мың долларын қайтарып бердік», - деді сотталушының туысы Нұрғайша ИБРАИМОВА.

¤«11 жыл деген сұмдық қой енді. Біз кешірім сұрап бардық қой. Адам өлсе де кешірім беріп жатыр ғой. Өлген жоқ қой ешкім. Бәрі сап-сау. Ақшаны қайтарамыз дедік», - деді ¤сотталушының туысы Гүлмира ҚЫСТАУБАЕВА.

Соттың үкімі 15 күннен кейін күшіне енеді. Оған дейін жазаға келіспегендер қайта апелляциялық шағым түсіре алады.

Жадыра Омаржан, Валерий Таубалдиев, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров