Аяқсыз қалған шаруадан аяқ алып жүру мүмкін емес. Алатау ауданында құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер компания қазылған орды көмбей кеткен. Жауын-жауса батпаққа айналған топырақ әбден мезі қылған көрінеді. Тіпті, адам түгіл көліктер батып кеткен кез болған.
Алғабастың тұрғындары қиыр-қисық жолмен осылай арпалысуға тура келеді. Қазылған шұңқырлардың дұрыс жабылмауынан көліктер балшыққа талай батыпты. Онсыз да оңбай тұрған Бейсекбаев көшесіне кәріз бен су құбырын жүргізген құрылысшылар «жұмысты жетер жеріне жеткізбеген», - дейді тұрғындар.
¤«Шұңқырға қарай батып кетті. Екі-үш сағат қатып отырдық көлікте. Бұрын шұнқырға кұм төсек кете салған. Көлік соның үстімен келе жатып тура шұңқырға батып кетті. Машинам жүрмейді, дірілдеп тұр, асты ходовкасы бәрі құрыған», - деді қала тұрғыны Индира ҚҰЛМҰХАНБЕТОВА. ¤
Тұрғындар ордың қазылғанына 3 апта болғанын айтады. Беті ашық күйі қалыпты. «Қойды» түсінбейтін ойын баласының бәрі осы шұңқырды ермек қылатын көрінеді. Ата-аналар біреу-міреу түсіп кетпесе игі деп алаңдайды.
¤«Алдында мына жақта су құбырын жүргізген кезде де ана жерге барды да тастап кетті. Ол да үш апта жатты. Ішіне балалапр құлап жатты. Мен өзім іздеп барып, шұңқырды жаптырған едім. Ал мынаны жаптырайық десем таппадық. Қанша машина қисайып құлап жатыр, балалар тығылып жатыр сабаққа апарайын десек. Не көлік кіре алмайды, қоқыстарымыз жатыр үйіліп, оны әкететін машина да кіре алмай жүр», - деді қала тұрғыны Зағипа ӘЗІМХАНОВА ..
¤«3 аптадай болды жатқанына. Қазылып бастаған бір компания екінші компания енді келейін деп жатыр деп естіп жатырмыз. Үш аптадан бері далада жүрміз сыртқа барып қойып келеміз көлігімізді», - деді қала тұрғыны Бақытбек ШМАНОВ.
¤Ал, құрылысқа жауаптылар тұрғындарға тағы біраз уақыт түсіністік танытуды сұрауда. Мұның бәрі халықтың қамы үшін деген шенділер тез арада ашық жатқан шұңқырды жабуға кіріскен. Құрылыс жүргізген мердігер ұйым расымен міндеттелген жұмыстарды дұрыс атқармапты. Жеке мекемеге 250 мың теңге көлемінде айыппұл да салынған екен.
¤«Бейсекбаев көшесі бойынша біз бастаған болатынбыз жұмыстарды. Ол жақта су құбыры жүргізіліп қойған. Қазір кәріз жүргізіліп жатыр. Бұрын жасаған компанияға 250 мың теңге көлемінде айыппұл салдық», - деді¤ Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы Шоқан АМАНЖОЛОВ.
Жалпы Алатау ауданындағы 39 нысанға қазір жаппай 277 шақырым су және 253 шақырым кәріз құбырын тарту жұмысы жүргізілуде. Биыл жоспарланған 11 нысанның жұмысын қараша айына дейін аяқтау жоспарланыпты. Жауаптылар көшелерге құбырлар толық жүргізіліп болған соң жолдар қайта қалпына келеді деп сендірді.
Назкен Байтілес, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы