Әскерилер ипотекаға бес пайызбен қол жеткізеді. Бұл туралы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» басқарма төрайымы мәлімдеді. Ақпарат бойынша, келесі жылдан бастап елімізде шамамен 67 мың әскери отбасы жинақ жүйесіне қатыспақ. Олардың қатарында Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік қызметі, Шекара қызметі, Ұлттық ұлан мен Мемлекеттік күзет қызметінің әскерилері бар.
«Бүгін-ертең біз Қаржы министрлігінде бірнеше отырыс өткізетін боламыз. Әзірше, әскерилер үшін алдын ала займның 5 пайыздық мөлшерлемесін белгілеп отырмыз. Келесі жылы бізде 120 млрд теңгедей бюджетіміз болады. Бұл дегеніміз, шамамен 8 мың әскери отбасы 2018-2019 жылдары ішінде алдын ала займға тапсырыс бере алады. Қалғаны ақшаны жинай береді. Әрине, заң бойынша әскери азамат кез келген банктен ипотека ала алады»,-деді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы, Ләззат ИБРАГИМОВА.
Сонымен қатар, биыл «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» 145 үйді қабылдап алып, оның жартысын салымшыларға берген. Мамандар 2017 жылға жоспарланған 80 миллиард теңгеге жуық қаржыландыру 100 пайызға орындалды дейді. Сонымен қатар, биылдан бастап «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында көппәтерлі үйлер ғана емес, коттедждер де салына бастаған.
«145 үй ол - 8 мың 672 пәтер. Осы уақытқа дейін 4 мың пәтердің бәрі салымшыларға таратылды. Жылдың аяғына дейін Республика бойынша тағы 52 үй пайдалануға беріледі деген жоспар бар. Ол тағы 4 мың 879 пәтер. Өкінішке қарай, біз соның барлығын жылдың аяғына дейін таратып үлгермейміз. Себебі, пәтерлердің құжаттарын әзірлеп, келісімдерді рәсімдеу керек. Салымшылар әрбір пәтерді қабылдауы тиіс. Оған біраз уақыт кетеді»,-деді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы, Ләззат ИБРАГИМОВА.