Әуе апатынан қаза тапқандардың отбасына жауапты компания қаржылай көмек көрсетпек

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында әуе апатынан қаза тапқандардың отбасына жауапты компания материалдық көмек көрсететін болды. Олар экипаж мүшелерінің мүрделерін туған жерлеріне жеткізуге кететін шығынды мойындарына алып, апаттан мерт болған 5 адамның туыстарына 1 млн теңгеден қаржылай қолдау көрсетпек. Осы тұста, оқыста болған оқиғадан көз жұмған білікті дәрігер Талғат Пәтсаев Шымкентте жерленді. Марқұмды ақтық сапарға шығарып салу үшін туыстары мен жақындары жиналды.


¤Потология мен гинекология саласына өмірінің 20 жылын сарп еткен арда азаматты қаралы жұрт дәл осылай ақтық сапарға шығарып салды. Алланың әміріне шек келтірмейді. Бірақ қимастық басым бәрінде. Тірісінде Талғат Патсаев талай ана мен баланы ажалдан арашалап, оларға бақыт сыйлаған еді. Енді міне, өзі де фәниден өтіп, өзгелердің есінде тектілігімен қалды.         


«Жақсы және шұғыл адам болды. Бір рет іс-сапармен біздің ауданға келіп, әйелдерге, екіқабат әйелдерге көмек көрсетті. Бірақ өкінішке орай, іс-сапарға шығып, қаза болды», - деді марқұмның әріптесі Талғат ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ.


¤Сол сапардан 5 адам оралмады. Әуе апатынан қаза тапқандардың отбасына  «East Wing» компаниясы қаржылай көмек көрсететін болды. Қазір қажет құжаттар әзірленіп жатыр. Дайын болғанда, қара жамылған әрбір отбасыға 1 млн теңгеден беріледі. Одан бөлек, ұшақты тізгіндеген Геннадий Цой мен авиатехник Бейшебек Акматбаевтың денелерін Қырғыз еліне жеткізуге септесіпті. Марқұм ұшқыш бұл компанияда 3 жыл еңбек еткен.        


«Үш авиация қызметкері мен екі дәрігердің отбасына 1 млн теңгеден көмек көрсетіледі. Одан бөлек, біздің экипаж мүшелерін туған жерлеріне жеткізу мен жерлеу рәсімін өткізу үшін екі отбасыға 850 мың теңге шамасында ақша бердік. Ал Оралдың тумасы Евгений Кутафиннің денесі ДНК сараптамадан кейін еліне жеткізіледі. Оның жақындарының мұнда келіп, алып кетуге шамалары жоқ», - деді «East Wing» компаниясының президенті Виталий МАСАЛИТИН.


¤Айта кетейік, әуе кемесіне жауаптылар АН-28-дің ішіндегі қара жәшікті сараптама үшін мәскеулік мамандарға жіберген. Компания директоры ұшақтың неліктен құлағаны туралы тіпті алдын ала болжам да айтылмай отыр. Әуе компаниясының айтуынша, олар тек санитарлы авиацияның рейстерін ғана жасайды екен. Осы оқиғаға қарамастан «East Wing» рейстерін тоқтатпапты. Олардың қарамағында 6 ұшақ бар.


Жадыра Омаржан, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы 


Новости партнеров