Әуезов ауданының тұрғындары Жаңа жылда жарықсыз қалуы мүмкін

30.12.2016 16:26

Алматыда Әуезов ауданының тұрғындары жаңа жылда жарықсыз қаламыз ба деп қорқады. 3 ықшам аудандағы 4 қабатты жатақхана тұрғындары электр жарығынсыз отырғанынана  3 күн болды. Тоқтың бұлай жиі өшуіне тозығы жеткен электр желісі себеп. Ал, оны жаңалауға қаражат жоқ.

«Қаланың қақ ортасында тұрып, бірнеше күн жарықсыз отыру деген масқара ғой. 21 ғасырда өмір сүріп жатқан жоқпыз ба?! Тамақ пісіріп, шәй қайнату мүмкін емес. Балаларыма обал болды. Бірнеше күн бұрын пісірген тамақты су құбырынан ағып жатқан ыстық суға салып жылытып бердім», - деді тұрғын Алина АҒЗАМОВА.

Мына көпқабатты жатақхана тұрғындары үшінші күн электр жарығынсыз отыр. Олардың қазіргі жалғыз жарық көзі мынадай майшамдар.

Алина Ағзамова 3 ықшам аудандағы №39 үйдің тұрғыны, 2 баланың анасы. Жарық жоқ болғандықтан балаларым ыстық тамақ ішуден қалды дейді. Электр өшкеннен бері 16 майшам жағып, тауысыпты. Тіпті, ала көлеңкеде ыдыс жуып, дұрыстап тамақтанбадық дейді. Себебі, тұрмыстық техникалардың барлығы тоқпен істейді.

Арнайы мамандар электр қуатының үзілу себебін анықтады. Үй мен қосалқы станса арасы 350 метр. Екі ортада жер астына көмілген сым әбден тозығы жетіп үзіліп кеткен.  Мұндай жағдай осыдан тура 2 жыл бұрын да болған екен.

«Біздің үйдің теңгеріміндегі шоғырсым әбден тозған. Трансформатор жоқ, қосалқы станцияға жалғанғанбыз. Бармаған жеріміз жоқ. Бірақ, бізді ешкім өз теңгеріміне қабылдағысы келмейді. Электр тарату аймағындағылар кабельдарыңды толығымен жаңартқан жағдайда ғана, сендерге трансформатор орнатып, өз балансымызға қабылдаймыз деп жауап берді», - деді «Мир» ПИК төрайымы Тамара ИВАНОВА.

Бұзылған шоғырсымды жөндеуге пәтер иелерінің кооперативінің қорында қаражат жоқ. Өйткені тұрғындар тұрғын үйді ұстау шығынын төлемейді дейді ПИК басшысы. Тіпті, олардың берешегі 1 миллион теңгеден асып кеткен.

«ПИК өз тарапынан күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу болмаса кабель жүйесін қалыпты жағдайда ұстауға қаржысы жеткіліксіз. Сол себепті апатты жағдайға душар болды. Бірақ, біз өз тарапымыздан толыққанды көмек көрсетудеміз», - деді Алматы қаласы Әуезов ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Жарас ЖАҚАНБАЕВ.

Қазір, апат орын алған жерде қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сымның үзілген жері анықталып, күн соңына дейін электр жарығы қосылатын болады.

Бақыт Жақаш, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы