Атышулы әйнек зауытының басшысы Мұратхан Тоқмадиге қатысты жаңа деректер жария болды. Естеріңізге салсақ, ұйымдасқан қылмыстық топтың серкесі, шамамен бір ай бұрын өз үйінде тұтқындалып, 2005 жылдан бері кәсіпкерлерді бопсалап келгені үшін 2 айға қамауға алынған еді. Қазір еліміздің бас прокуратурасы бұл іске қатысты соталды тергеу жүргізіп жатыр. Құзырлы органның мәліметінше, қылмыстық топты ұйымдастырды деген күдіктіге тиесілі қаржылық құжаттар, қару-жарақтар мен оқ дәрілер тәркіленген. Тіпті тексеріс барысында Тоқмадидің басқа адамның атына рәсімделген екінші төлқұжаты да табылыпты. Қазір бизнесменге кімдердің көмектескені және оның тағы қандай істерге қатысы бары жан-жақты зерттеліп жатыр.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жедел-тергеу тобымен ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған деректер бойынша М.Тоқмадиге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Тінту барысында күдіктіден ірі мөлшерде қару-жарақ, қаржылық және жалған құжаттар мен басқа айғақтық дәлелдемелер алынды. Азаматтардың арыздары мен өтініштері бойынша қосымша тергеу жүргізіліп, М.Тоқмадидің басқа қылмыстық әрекеттері де тексерілуде.
Айта кетейік, Мұратхан Тоқмади қылмыстық кодекстің 194 бабы бойынша, яғни «Бопсалау жолымен ірі көлемдегі мүлікті алды» деп айыпталып отыр.