Бір кем дүние... Жазушы Шерхан Мұртаза өмірден озды

Бір кем дүние... Жазушы Шерхан Мұртаза өмірден озды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақ руханиятының қара нары, кезінде «Жеріңді сатқаның – Анаңды сатқаның!» деп тік мінезімен алаштың арын, намысын талай рет мінберден де, қаламымен де шырылдап қорғаған заңғар жазушы Шерхан Мұртазамен қоштасу ертең Алматыда өтеді.

Қоңыр күзде күллі қазақты күңірентіп кеткенімен, біртуар жазушының шығармалары артында қалған Алаш жұртына жігер, қуат береді. Оның қаламынан шыққан қай туындысын алсаң да, тарихты танытып, бірлігінің беки түсуі мен қажетті кезде келеңсіздікке қасқайып қарсы тұра білуге үйретеді. Ашаршылық пен аяусыз атып-жоюдың ащы дәмін татқан Шерхан Мұртаза Тәуелсіздікке дейін де, еркіндікке қол жеткеннен кейін де қазақтың жоғын жоқтап, намысын қамшылаған қайтпас тұлға болды. Қоңыр күзде күңірентіп қазағын тастап кете барған жазушыны қаламгер қауым жоқтап жатыр...

Қазақ даласында аштықтың азабы асқындап тұрған сонау 1932 жылы Жамбылдың Жуалысында жарық дүниеге келген Шерхан Мұртаза жетімдік пен жоқшылықтың зардабын бір баладай тарта жүріп, көңілге көп дүниені түйіп өскен. Оның қиыр-қиыр өмір тарихын өзінің шығармаларынан-ақ анық көріп, оқып білуге болады. Мәскеуден журналистика мамандығын алған соң-ақ, ол шығармашылыққа тереңдеді. Шер-ағаның әр жылдары жазылған «Бұлтсыз күнгі найзағай», «Белгісіз солдаттың баласы», «Мылтықсыз майдан», «41-ші жылғы келіншек» сынды көптеген повестері дүиеге келсе, «Интернат наны» әңгімелері, «Қызыл садақ» сынды романдарын кітап сүйер қауым жата-жастана оқып өсті.

«Пікірлес адам болған. Тіптен, екеуі астыртын дос болған, аралас болған адамдар. 23-ші жылы Парижде жүргенінде Шоқаев Мұстафа Германияға емделуге барып, бір топ қазақ баласын оқуға апарып, сол жерде екеуі кездескен», – деген еді Қазақстанның халық жазушысы Шерхан МҰРТАЗА көзі тірісінде.  

Ертеректе берген бұл сұхбатында жазушы «Қызыл Жебе» роман-эпопеясына арқау болған кейіпкері Тұрар Рысқұлов пен Мұстафа Шоқайдың бір пікірде болғанын айтады. Қаламгер қилы кезенің тарихын шебер суреттеген талай туындыларын оқырманға тарту етумен қатар, қоғамға етене араласып, жарты ғасырдай көптеген қазақ басылымдарында басшылық жасап, жауапты қызметтерді де абыроймен атқарды

«Әдебиеттің тамырын түп басып, тани білетін, адам танитын, кімнің дарыны бар, таланты бар, соны бағалай да білетін. Өсіре де білетін, кешіре де білетін. Шынын айтқанда, саялы, нағыз самұрық құстар қонатын бәйтеректей болды. Ол кісімен бірге бір үлкен дәуір кеткендей болып отыр. Шер-ағаң әдебиеттегі қайраткерлігі бар, қаламгерлігі бар, бүкіл еңбегін саралай келіп айтатын болсақ, Алаштың арыстаны еді. Шер заманның Шерханы болды. Және бетің бар, жүзің бар демей, айтарын ашық айта білген адам», – деді Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ.

Тік мінезі, намысшылдығымен қоса қоғамның келеңсіздіктерін көре білген жазушының нақыл сөздері де аз емес. «Кейбір бастар ішінде дәнегі жоқ жаңғаққа ұқсайды», «Алтын артқан есектің шықпайтын шыңы жоқ. Кейбір әкім, байлар сондай» деген сынды Шер-ағаңның көптеген шымыр сөздері де ел есінде. Түнерген қоңыр күзде қазақты күңірентіп тастап кеткен тау тұлға сағынышқа әлден-ақ айналды.  

«Жоқта қазақ, Жоқтауыңды тоқтатпа, Көсеу ұстап, ошағыңда от жақпа. Мына «Бір кем дүниені» тәрк етіп, Шерхан кетті, түсіп бақи соқпаққа. Мінез кетті, Мінез кетіп, мін қалды. Айтылмаған ақиқат пен сын қалды. Күңірентіп күрең күзгі күн қалды, Жұлдыз сөніп, ай тұтылған түн қалды. Бүгінгі күн, «Қызыл жебе» сынған күн. «Ай мен Айша» басу айтып Қазаққа. Шерхан ағам екінші рет туған күн!», – деп жоқтау айтады ақын Әлібек ШЕГЕБАЙ.

Алаштың арда азаматы «Бір кем дүние» атауымен өмірдің өкінішті жағын да аз айтпады. Тәуелсіз елдің депутаты болып, мінберден маңызды мәлімдемелерді де көп көтерді.  Мемлекеттік сыйлықтың иегері, «Тарлан» сыйлығының лауреаты атанып, «Құрмет белгіс», «Отан» медальдарымен марапатталған Халық жазушысы аудармашылықпен де айналысты.

«Жүре беріңіздер. Одан артық дүние жоқ!», – деп еді Шерхан ақсақал бір жыл бұрын, 85 жасқа толған туған күнінде толғанған соңғы сұхбатында. Жазушының артында қалған атан түйеге жүк болар мол мұрасын кейінгі ұрпаққа ұқтыру – аманат...

Әмірболат Құсайынұлы, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров