Алматыда дәмхана өртеніп, көліктер мен ғимараттар зақымданды

Алматыда дәмхана өртеніп, көліктер мен ғимараттар зақымданды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда алапат өрт. Қаланың орталығындағы дәмхана отқа оранып, қызыл жалын сол маңдағы ғимаратты зақымдап, жол бойындағы көліктердің күлін көкке ұшырды. Одан бөлек, Tesla автокөлігіне арналған электр қуаттау стансасы қатты ыстықтан еріп кеткен. Тілсіз жау 280 шаршы метр аумақты қамтыды.

Жалын тұтанған сәтін дәмханаға қарама-қарсы ғимараттың бейнебақылау камерасынан көруге болады. Тұрғындардың сөзінше, екі үлкен жарылыс болған. Оның күші қатты болғаны соншалық көліктердің сигнализациясы бірінен кейін бірі ойнап кетті дейді тұрғындар.

Дәмханадағы өрт таңғы сағат төртте болған. Тілсіз жау 280 шаршы метрді шарпыған. Жалынның салдарынан тамақтану орнының сау-тамтығы жоқ. Одан бөлек, осы маңдағы көліктер мен ғимараттарға зақым келген.

Қуат Ғелманов «Ниссан» маркалы көлігін айдап жүргеніне бір жылдан асқан. Қол жеткізген темір тұлпарының жарамсыз күйге жеткеніне әлі сене алар емес. Жалпы өрттен екі көлік толығымен жанып кеткен. Ал тағы төртеуіне зақым келген.

«Көлігім көз алдымда жанып кетті. Өрт болып жатқан аумаққа 10 метрге дейін жақындау мүмкін болмады. Бүгінде көлігімнің нарықтағы бағасы 750 мың теңге, оған жөндеу жұмысын жүргізген болатынмын. Оның есебімен 900 мың теңгеге дейін бағаланатын. Оны сақтандырғанмын, алайда, шығынның өтелуін тек дәмхана иесінен талап ете аламын», – деді Қуат ҒЕЛМАНОВ.

Алапат өрттің салдарынан Tesla автокөліктеріне арналған электр қуаттау стансасы мен «Алматы Байкке» тиесілі 10 велосипед, сондай-ақ 5 қабатты әкімшілік ғимаратының қасбеті мен терезелері қатты ыстықтан еріп кеткен.

«5 қабатты ғимаратқа қарама-қарсы үйде тұрамыз. Біздің үйде де қатты ыстықтан айна сынып кетті. Айнасының сыртындағы пенопластары еріп кетті. Балкондардың барлығы еріп кетті. Өте ыстық болды, сол сәтті сөзбен айтып жеткізу қиын», – деді Шахнұр ЯРМЕТОВ.

«Біздің ғимаратқа келген шығын әлі есептеліп жатыр. Жарылыстан терезе шағылды. Біздің кеңсе толығымен эко-материалдардан салынған. Енді оны шетелден тапысырыспен әкелу қажет. Себебі, Қазақстанда ондай әйнектер сатылымда жоқ деп ойлаймын. Tesla автокөліктеріне арналған электр қуаттау стансасын мен өз қаражатыма тұрғызғанмын. Оның құны бірнеше миллион теңгені құрайды. Ол толығымен жарамсыз», – деді кәсіпкер Максим БАРЫШЕВ.

Оқиға орнына өрт сөндіру қызметі 7 минутта жеткен. Оны ауыздықтауға 70 құтқарушы мен 12 арнайы техника жұмылдырылған. Қызыл жалын толығымен 1 сағатта сөндірілген.

«Дәмхана осыдан 4 жыл бұрын өртенген болатын. Шатыры жанып кеткен еді. Алайда, ол жұмысын тоқтатқан жоқ. Жөндеу жұмысын жүргізіп қайта қызмет ете бастады», – деді Борис ЖУГАНОВ.

«Алғашында дәмхана ғимараты шағын болатын. Кейін жылдар өте кеңейте бастады. Жолға жақын орналасқан. Көліктер дамылсыз жүреді, қауіпті екенін сан мәрте айтқан болатынбыз. Ешқандай шара қолданған жоқ», – деді Александр ГОРЕЛКИН.

Абырой болғанда өрттен жараланғандар мен қаза тапқандар жоқ. Төтенше жағдай қызметінің мамандары тілсіз жаудың неден болғанын әзірге айта алмай отыр. Оның шығу себебі анықталып жатыр.

Перизат Көмекбайқызы, Қанат Киізбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров