Қазақстандық ең танымал спортшылардың бірі – велошабандоз Александр Винокуров Instagram-дағы парақшасында видео жариялап, Алматы айналасындағы көрікті жерлердің бірі – Үлкен Алматы көлінің жағалауын қоқыс басып қалғанын көрсетті, деп хабарлайды sputniknews.kz.
«Ұят, достар, ұят… Сіздер үшін мына қоқысты жинауға тура келіп тұр», —деді Винокуров жолдың бойында жатқан қоқыстарды көрсетіп.
Ол өз елінің табиғатын аяламайтын халық шетелдік қонақтардың алдында масқара болатынын айтқан.
Олимпиада чемпионы біреудің қоқысын өз қолымен тазалауды ұйғарып, басқаларды осыдан үлгі алуға шақырды. Оның айтуынша, егер әрбір қазақстандық өзінің жүрген жерін таза ұстаса, ел таза болады.
Александр Винокуров қазір Astana Pro Team велокомандасының бас менеджері болып еңбек етеді. 2006 жылы Испаниядағы Вуэльта жарысында бірінші болып келді, ал 2012 жылы Лондондағы Олимпиада ойындарында алтын медаль алды.