«40 минут жедел жәрдем күткен»: Ақтөбеде 1-сынып оқушысы көз жұмды

07.11.2018 14:48

Ақтөбеде оқушы қыздың өліміне қатысты ақпарат әлеуметтік желі арқылы тарап жатыр. Үйінде қызуы көтеріліп, ес-түссіз құлаған бүлдіршін жедел жәрдем қызметкерлері жеткенше қайтыс болған, деп хабарлайды  sn.kz.

Жантүршігерлік оқиға 3 қараша күні «Нұр Ақтөбе» ауданындағы тұрғын үйлердің бірінде тіркелді. Марқұм болған оқушы қыз бірінші сыныпта оқыған екен.

Дәрігерлер келгенше анасы ұйықтап жатыр деп ойлап, қайтыс болған қызының қолын уқалап отыра беріпті.

Дене қызуымен құлап, қайтып ес жинай алмай қалған бүлдіршіннің жағдайын көршілері видеоға түсіріп алған.

Желіде тараған видеода жедел жәрдем қызметін 40 минут күткені айтылады. Қыздың анасы баласының қызуы көтеріліп, қалтырап құлап қалғанын жеткізген.

Видеода баланың тамыр соғысын тексерген дәрігердің бірден жағдайды сезгені көрініп тұр. Ол баланың қандай да бір дертпен есепте бар жоғын сұрайды.

Кіші дәретін жіберіп қойған бала құлаған жерінде жата бергенге ұқсайды.

Әлеуметтік желіде тез тарап кеткен кішкентай қыздың өліміне қатысты ақпарат ақтөбеліктерді шошытып отыр.

Ата-аналар WhatsAрp желісі арқылы баланың қызуы көтерілсе, бірден дәрігер шақыру керектігін айтып, ескертулер жасауда.

Белгісіз жағдайда қайтыс болған оқушының өліміне қатысты сот медициналық сараптама тағайындалған.

Теги: Ақтөбе