«Не үшін»: Шымкентте анасы мен атасын өлтірген жігіт сот үкімін естіп жылап жіберді

02.11.2018 14:55

Шымкенттегі Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты өз үйінде туған анасы мен нағашы атасын пышақтап өлтірді деген күдікке ілінген 24 жастағы Райымбек Рахатты айыпты деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті, деп хабарлайды Sputnik.

Үкімді тыңдауға сотталушы, оның туыстары мен адвокаты келді.

«Райымбек Рахат Қылмыстық кодекстің 99-бабымен (адам өлтіру) айыпты деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылсын. Жазасын қатаң тәртіптегі түзеу мекемесінде өтесін», — деді судья Абинұр Қарабаев.

Үкімді тыңдап болған соң туыстарымен қоштасып тұрып, көзіне жас алған Райымбек Рахат «Не үшін?» деп, тағылған айыппен келіспейтінін жеткізді.

Сотталушының адвокаты Байзақ Ережепов алдағы уақытта апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.

Рахат Райымбектің туысқан ағасы Үсен Алдабергеновтің пікірінше, іс бойынша тергеу амалдары дұрыс жүргізілмеген.

«Баламыздың анасы мен атасы құрбан болғаны рас. Бірақ оны Райымбек жасағанына сенбейміз. Айғақ болатын видеолардың барлығын полицейлер алып кеткенімен, іске тіркемеген. Оқиға орнынан бөтен телефон табылған. Ол да хаттамаға тіркелмеген. Қылмыс болған кезде баланың үйде болмағанын дәлелдедік. Куәлеріміз бар. Оны да жоққа шығарып отыр», — дейді ол.

Оның сөзін жалғаған Райымбектің нағашы ағасы Жаңабек Жұмабеков «полицейлер баланың ойынға құмарлығын пайдаланып отыр» деп есептейді.

Оның айтуынша, отбасы Райымбек 24 сәуір күні үйленеді деп дайындалып жүрген. Бір аулада екі үй орналасқан. Үлкен үйде Райымбектің анасының, кіші үйде Райымбектің жатын бөлмесі болған. Түнделетіп ойынханадан келген Райымбек түске дейін ұйықтап, үлкен үйге кірмек болған. Үйге кіргенде анасы мен атасының өлі денесін көрген.

«Оқиғада қайтыс болған Райымбектің нағашы атасы менің туған інім. Райымбек бір үйдің жалғыз баласы. Анасы кәсіпкер еді. Қымбат үйі мен көлігі болды. Әкесі жоқ. Ағам спортпен, кәсіби бокспен айналысқан. Оны өлтіру бір адамның, мына Райымбектің қолынан келмейді. Жап-жас бала, жазықсыз кетіп жатыр», —дейді ол.

3 сәуір күні Шымкенттегі жеке тұрғын үйдің бірінен бірнеше жерінен пышақталған әйел мен қарияның мәйіті табылған болатын. Ізінше күдікті ретінде қайтыс болған әйелдің 24 жастағы баласы ұсталғаны жарияланды.