Ақтау қаласының алтыншы сынып оқушысы Орынгүл Арыстан менталды арифметика бойынша әлемдік рекорд орнатқан команда құрамында болды. 26 минут, 26 секунд және 12 миллисекундта балалар 30 мың есеп шешкен, деп хабарлайды Sputniknews.kz.
Сайыс Екінші Еуразиялық әйелдер форумы аясында Ресейде өтті, әлемнің түкпір-түкпірінен 150 оқушы қыз қатысқан.
Орынгүл Арыстан менталды математикамен бірнеше жыл бойы айналысып келеді. Арифметикалық есептерді тез шешу қабілетінің арқасында Орынгүл «Калькулятор қыз» деген атқа ие болған.
Оқушының айтуынша, байқауға бір ай бойы дайындалып, күніне екі сағат есеп шешкен көрінеді.
«Сайыс бірнеше кезеңнен тұрды. Эстафета кезінде бір-бірімізге қарындаш бере отырып, мысалдарды орындадық», — дейді Орынгүл Арыстан.
Менталды арифметика бойынша оқытушы Қарлығаш Әбдірайымованың сөзіне сүйенсек, тарихтағы ең ұзақ математикалық эстафета әлемдік және Азиялық рекордтар кітаптарына жазылған.
Ал бір қызығы, қыз бала болашақта математик емес, дәрігер болуды армандайды екен.