Он баланың анасы мерекеге 8 бөлке нан сыйлаған әкімдікке ренішін айтты

05.10.2018 14:50

Гүлмира Әлижанова 10 баласымен бірге құлайын деп тұрған үйде тұрып жатыр. Төрт жыл бұрын күйеуінің жүрегі ауырып, денсаулығы сыр бере бастаған. Сондай-ақ, оның құлағы естімейді және бір қолы істемейді. Осы орайда көпбалалы ана отандық бағдарламалардың біріне көмек сұрап келді, деп хабарлайды sputniknews.kz.

Кейуана бүгінде отағасының денсаулығы шаруаға жарамай отырғанын айтты. Қан қысымы қатты көтеріліп, жатып қалатын кездері болады екен.

«Күйеуім екінші топтағы мүгедек. Құлағы естімейді, өзі кемтар. Қан қысымы көтерілген кезде жатып демалады. Оң жақ қолы істемей қалған. Биыл, тіпті, қан қысымы 250-ге дейін көтеріліп, қайтадан Шелектегі дәрігерге алып барып қараттым. Әлі де екінші топтағы мүгедек екені белгілі болды», — деді Гүлмира Әлижанова.

Әрі қарай ол бірнеше жыл бұрын отбасының газдан уланып, өмірлеріне қауіп төнген сәтті еске алды. Бүгінде бала-шағасына пана болған үй құлағалы тұрғанын айтады.

«2016-2017 жылдары от жаққанда үйдің ішіне газ таралып, біз отбасымызбен уланып қалғанбыз. Бір күні үйдің төбесі немеремнің басына түсіп кете жаздады. Қайта Құдай сақтап қалды. Әкімдіктен бізге ешкім көмек бермейді. 2017 жылы Тәуелсіздік мерекесіне орай бізді мазақ еткендей 8 бөлке нан беріпті. Енді сөйтіп адамды келеке, мазақ етуге бола ма? Біз де балалы-шағалы адамбыз. Көмек сұрап барсаң «Баланы біз үшін тудыңдар ма?», - дейді. 2002 жылғы қызым қалада медициналық колледжде білім алады. Бізге бола қалаға барып-келіп жүр. Осылай жүріп қиналып кетті», — деп қынжылды көп балалы ана.

Мұнымен қатар, Гүлмира Әлижанованың көршілері де бұл отбасының жағдайы мүшкіл екенін жеткізді. Жаңбырлы күндері үйлерінің төбесінен су ағып әлек болады екен. Айтуларынша, туған-туыстары бұл отбасыға мүлдем қол ұшын бермейді.