Қарағандыдағы төбелес: Қашып кеткен Армения азаматына қатысты дерек шықты

11.01.2019 14:52

Қарағандыда мейрамхана жанындағы жаппай төбелестен соң 23 жастағы жігіт қайтыс болып, кісі өліміне күдіктелген Нарек Гугурянға халықаралық іздеу жарияланған еді. Жас жігіттің қалай ұсталғанын Арменияның Ресейдегі елшілігі айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бұған дейін Павлодар облысы арқылы шекара асқан Нарек Гугурян Ресейде туыстарының үйінде болған және полицияға өзі берілген.

«Гурурян кешке Омбы қаласының құқық қорғау органдарына өзі келді», - деп Sputnik Армения елшіліктің түсініктемесінен үзінді келтірген.

Еске сала кетейік, елді дүр сілкіндірген оқиға 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні таңғы төрттер шамасында Қарағандыдағы «Древний Рим» мейрамханасында болды.

Мейрамханаға Жаңа жылды қарсы алуға келгендер мен персонал арасында жанжал шығып, соңы жаппай төбелеске ұласқан.

Салдарынан төрт адам пышақ жарақатын алып, бір жігіт көз жұмды.

Полиция бұзақылық әрекеттері үшін және 23 жастағы жігіттің өліміне күдікті ретінде 8 адамды ұстап, қамады.

Күдіктілердің бірі Армения азаматы Нарек Гурурянға халықаралық іздеу жарияланды.

Ол 1 қаңтар күні кешкі 22.00-ден кейін Павлодар облысындағы бекет арқылы Ресей аумағына өтіп кеткен.

7 қаңтар күні 21 жастағы күдікті желіде бейнеүндеу жариялады.

Онда Гурурян Қазақстан билігіне берілуге дайын екенін мәлімдеп, адам өліміне қатысы барын жоққа шығарған болатын.

Сондай-ақ 9 қаңтар күні Гугурян Ресейде қолға түсті.