Пара алды деген күдікпен ұсталған Павлодар облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ернұр Байқұрмановты екі айға қамауға алу санкцияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Павлодар облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің (МКД) басшысы Ернұр Байқұрманов, МКД облыстық басқармасы тергеу бөлімінің басшысы Азамат Бейсембаев және жедел уәкіл Д.Мағзұмов 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталғаны бұған дейін хабарланған болатын.
3 қыркүйек күні өңірдің тергеу соты департамент басшысын 31 қазанға дейін тергеу изоляторында ұстау туралы санкция берді.
«Сотқа дейінгі тергеу ҚР ҚК 366-бабы 4-бөлігі бойынша (Қылмыстық топ болып аса ірі көлемдегі пара алу) басталған болатын», – деді сотта.
Тергеу нұсқасы бойынша, аталған мемлекеттік үш қызметші «Заман» компаниялар тобының жетекшісі Тасболат Абғожиновтың арызынан кейін Ұлттық бюро өкілдерінің назарына іліккен.
Айта кетсек, «Заман» компаниялар тобының құрамына Екібастұздағы көмір өндіретін кәсіпорындар, банк және бірқатар коммерциялық ұйымдар кіреді.
Күдікті тергеу сотында өз кінәсін мойындамады. Оның адвокаты Руслан Жанқабаев күдікті тергеу ісіне өзі араласқысы келетінін және оған кепілге босату туралы бұлтартпау шарасын қолдануды сұрады. Ол үшін Ернұр Байқұрмановтың ата-анасының 20 млн теңге тұратын баспанасы кепілге қойылатынын айтты. Алайда, сот ол өтінішті қабылдамады.
Еске салайық, Ернұр Байғұрманов Павлодар облыстық Мемлекеттік кірістер департаментін бір жылдан бері басқарып келеді.