Анара Абжанова 1986 жылы Алматыда дүниеге келген. Анасы қызының құлағының мүкістігі барын 2-3 жасында байқаған. Қағылез мінезді қыздың сурет салуға деген құлшынысы бала кезде ояна бастаған. Жеті жасында ым-ишарат тілі мен ерінмен сөйлеуге үйреткен нашар естушілер мектебіне барған. Анара суретшілер Алексей Уткин мен Габо Кусаиновтар басқаратын саңырау балаларға арналған бейнелеу өнері студиясында білім алды. Қазіргі таңда Анара Абжанова – белгілі суретші, халықаралық байқаулардың лауреаты. 30 жасында Қазақстанның Суретшілер одағының мүшесі атанды. 2014 жылы еуропалық Биеннале лауреаты «EUROPA ARTE», 2015 жылы Италияда Sandro Bottіcellі сыйлығының лауреаты, 2016 жылы мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияның иегері атанды. Анара Абжанова көптеген халықаралық бейнелеу өнері байқауына қатысып, бас жүлделерге қол жеткізген. Қазіргі таңда Анара мыңнан астам картинаның авторы. Оның 20 жұмысы Париж бен Лувр көрмелеріне қойылды.