«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы - Азиз Заиров

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы  - Азиз Заиров
Жаңалықтармен бөлісіңіз
Азиз Заиров Қытай елімен шекаралас Ұйғыр ауданында дүниеге келген. Ол отбасындағы төртінші бала. Азиздің анасы алтыншы баласын босанарда өмірден озған.

Азиз кішкентай кезінде дәрігерлер туа біткен жүрек ауруын анықтаған. Балаға шұғыл ота жаслуы тиіс еді, алайда әкесі баласының пышаққа түскенін қаламай, ерікті түрде бас тартып, қолхат жазады. Осылайша, екі жасар Азиз бен оның әпкесі, қарындасы үшеуі балалар үйінен бір-ақ шығады.

Он екі жасында Азиз балалар үйінде тәрбиеленушілерімен төбелесіп, жарақат алады. Қарсыласы оның аяғына тот басқан арматураны тығып алады. Салдарынан баланың аяғында жара пайда болып, аяқтың төменгі бөлігі қабынып, тромбофлебит өршиді. Жарақатқа дер кезінде көмек көрсетілмегендіктен, екінші топтағы мүгедек болып қалады.

Балалар үйінен түлеп ұшқаннан кейін Азиз Заиров құрылыс училищесіне оқуға түсіп, құрылыстағы паркет төсеуші мамандығы бойынша білім алады. Балалар үйінде қалған қарындасын асыраймын деген ниеті бірнеше жерде жұмыс істеуіне себеп болады. Өкінішке қарай жасы 30 жуықтағанда денсаулығы сыр беріп, Азиз бірнеше ай төсек тартып жатып қалады. Біресе қоларбамен, біресе балдақтың көмегімен жүруге талпынған Азиздің аяғы одан бетер қабынып, жан сақтау бөлімінен бір-ақ шығады.

Келесі бір ем-шара қабылдау кезінде Азиз Заиров сол кездегі Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенті, қазіргі қазақстандық мультипликатор, «Тарлан» сыйлығының иегері Қайырғали Қасымовпен танысады. Талантты жігіттің ынта-жігерін, ұмтылысын байқаған Қайырғали Қасымов өзі оқитын академияға оқуға түсуге кеңес береді.

Ұсынысты көп ойланбастан қабыл алған Азиз өз күшін өнер бағытында да сынап көрмекші болады, өйткені ол бұдан әрі дене еңбегімен айналыса алмайтынына әбден көзі жеткен еді. Ауруханада жатқанда Азиз әдебиетке құмартып, кітап оқитын. Азиздің әдебиетке деген сүйіспеншілігі шығармашылық конкурста топ жаруына ықпал етті. Ол Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының кино факультетіне Деректі кино режиссері мамандығына оқуға қабылданды.

Азизді студент кезінде-ақ МБАҚ оңалту орталығының (Мүгедек балалардың ата-аналары қауымдастығы) шығармашылық шеберханасы үйлестіруші ретінде жұмысқа шақырады. Сол кезден бастап Азиз мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істей бастайды. Олармен тез тіл табысып, достасып кетеді. Азиз аталмыш орталықты жұмыс істеп жүргенде оның ең жақын адамы – қарындасы ауыр қайғыға душар болады. Қарындасы өз-өзіне қол салып, көз жұмады. Тағдырдың осындай ауыр соққысына төзе алмаған Азиз академиялық демалыс алып, ішімдікке салынып кетеді. Бірақ, бұл ұзаққа созылмайды. Азиз өз-өзіне келіп, өмірін қайта жөнге келтіреді.

Бір танысы оған шіркеудің жанындағы есірткіге тәуелді жандарға арналған орталықта оңалтудан өтуді, сонымен қоса сол жерде редактор болып жұмыс жасауды ұсынады. Ол нашақорлардың тағдыры туралы мақалалар жазып, бейнероликтер түсіруі керек болды. Ол осы орталықта оңалтудан өтіп, мүлде басқа адам болып шығады. Азиз Заиров көп жылдан бері темекі шекпейді, ішімдік ішпейді және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап жүр.

Режиссёр-сценарист Азиз Заировтың шығармашлығынан туған жұмыстары көп болмаса да, экранға шыққан сәттен бастап, көрермендердің жүрегіне жол таба алды. Тіпті бірнеше беделді фестивальдерде жүлделер иеленді. Азиздің еңбектерінде көрініс тапқан жанр деректі кино емес, бұл – ерекше жанр, бұл – өмірлік фильмдер. Олар жақсылыққа, сүйіспеншілікке үйретіп, мүмкіндігі шектеулі жандар туралы қалыптасқан стереотиптерді бұзуға, зорлық-зомбылық пен немқұрайлылыққа қарсы тұруға көмектеседі.

Новости партнеров