«Алматы туры - 2018» халықаралық веложарысының жеңімпазы анықталды

01.10.2018 20:09

Алматыда өткен көпкүндік жарыстың екі кезеңінде де қазақстандық «Astana Pro Team» командасының велошабандоздары топ жарды. Сайыстың бірінші күні мәре сызығын алғаш болып Давиде Виллела кесті. Ол 182 шақырымды 4 сағат 9 минутта еңсерді. Ал жарыстың екінші күні Луис Леон Санчестің бағы жанды. Велошабандоз 160 шақырымды 4 сағат 11 минутта бағындырды.

«Алматы туры» халықаралық веложарысын 60 мемлекеттің көрермендері тікелей эфирде тамашалады. Байрақты бәсекені отандық арналардан өзге, танымал «Евроспорт» арнасы көрсетті. Айта кетсек, аталмыш жарыс осымен алтыншы жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр.  

«Биылғы жарысқа 15 мемлекеттен19 команда келді. Егер барлық комиссарларды, келген мамандарды алатын болсақ, олар 32 мемлекеттің өкілдері. Сол себептен, бұл нағыз халықаралық деңгейдегі үлкен жарыс болды. Яғни, Орталық Азиядағы жоғары деңгейдегі көпкүндік жарыстың бірегейі десе де болады. Ұлттық федерация болашақта жарысты 2 күннен 3 күнге ұзартуды көздеп отыру. Бірінші күнді командалық жарыс етіп, екінші күнді көпкүндік дәрежеде қалдыру ойда бар», – деді Қазақстанның велосипед спорты бойынша вице-президенті Аманбек КУЛЬЧИКОВ.

Айта кетсек, «Алматы турына» Қазақстан атынан 4 команда қатысты. Веложарыс қала ішінен басталып, Медеу шатқалында аяқталды. Соның арқасында әлемнің әр түкпіріндегі көрермендер Алматының әсем жерлерін тамашалады. Жарыс қорытындысы бойынша көш бастаған 10 команда жеңімпаздарына 17 млн теңгенің сыйлықтары бөлініп берілді.