Алматының туған күнінде қала тұрғыны 101 жасын атап өтті

Алматының туған күнінде қала тұрғыны 101 жасын атап өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Өзінің жаңа жасын Алматының бас мерекесімен бірге атап өтіп жатқан Любовь Корченко – екі ғасырдың тарихи оқиғаларының куәгері. Кейуана алып шаһарға 13 жасында қоныс аударған. Мың жылдан астам тарихы бар алып шаһар адам танымастай кеңейіп, кемелдене түскен. Он ғасыр бұрынғы Алмалу мен қазіргі Алматымыздың сыртқы келбетінде жер мен көктей айырмашылық бар екені анық дейді.  

Любовь Корченко – қаладағы қарт аналардың бірі. Кейуана алып шаһардың туған күнінде өзінің 101 жасын атап өтуде. Ол ару қала – Алматыда 13 жасынан бері тұрып келеді. Ата-анасынан ерте айырылған Любовь әжей еңбекке ерте араласқан. 40 жылдан астам уақыт қаланың бас почтамтында қызмет етіпті. Ең сүйікті демалыс орны – 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағы болған. Сүйікті жарын да сол орында кездестіріпті.

«Алматының табиғаты ерекше. Ол кездері қалада тұрғындар аз болатын. Көлік те бірен-саран еді. Көбінесе жаяу жүретінбіз. Мәдени ошақтар құрылысы қалай жүргені есімде. Абай атындағы опера және балет театры жұмыс орныма жақын орналасқан еді. Одан бөлек, Лермонтов драма театры жұмыс істейтін», – дейді Любовь КОРЧЕНКО.

Кейуана жұмыстан кейін әріптестерімен тауға жиі барған. Ол жерде жеміс-жидектің түр-түрі самсап тұратын деп еске алады. Ал уақытын отбасымен Медеу мұз айдынында өткізгенді ұнатқан.  

«Конькимен сырғанағанды жақсы көретін едік. Қыс мезігілінде мұз айдынынан шықпайтынбыз. Көбінесе қаланы жаяу аралайтынбыз. Ол уақытта зәулім ғимараттар сирек кездесетін. Ал қазіргі қала келбеті адам танымастай өзгерген. Биік, әсем нысандар өте көп», – дейді Геннадий КОРЧЕНКО.

Бір ғасыр ғұмыр кешкен қарт ана ұзақ жасауының сырын еңбекпен байланыстырады. Сексеннің сеңгіріне жеткен ұлы Геннадий жас кезінен салауатты өмір салтын ұстанған. Қазіргі таңда Алматыда орташа өмір сүру жасы – 75,9 жас. Бұл еліміз бойынша жақсы көрсеткіштердің бірі. Биыл мегаполисте «Белсенді ұзақ өмір» жол картасы жасалған. Оның мақсаты – егде жастағы азаматтарды белсенді өмірге тарту, олардың әлеуетін пайдаланып, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету.

«Жобаны жүзеге асыру барысында «Белсенді ұзақ өмір» орталығы құрылды. Одан бөлек, Жол картасы аясында дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірге әлеуметтік жоба жасалды. Қарияларға фитнес-клубтарға тегін жолдама берілді. Сонымен қатар, Туризм басқармасымен зейнеткерлерге қаланың көрікті жерлерін аралауға мүмкіндік жасалды», – деді Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мүгедектермен және ардагерлермен жұмыс бөлімінің басшысы Лаура АБЖАНОВА.

Қалада «Белсенді ұзақ өмір» орталығынан бөлек, әлеуметтік 55 клуб жұмыс істейді. Жол картасы аясында 5 мың егде жастағы азаматтарды қамту көзделген. Қазіргі таңда оған қатысушылар қатары 6 мыңға жеткен. Бүгінде алып шаһарда 223 мың зейнеткер тұрады. Бұл қала тұрғындарының 12,5 пайызы.


Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров