Алматыдағы журналистің өлімі: полиция оқиғаның мән-жайын айтты

22.10.2018 15:10

Алматы қалалық Ішкі істер департаменті Hit tv телеарнасының продюсері Әйгерім Мұсаеваның өліміне қатысты мән-жайды айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Келіншектің денесі 20 қазан күні сағат 00.20-да қаланың Түрксіб ауданында Бұрындай көшесі маңындағы теміржол бойынан табылған.

«Тепловоз жас келіншекті қағып кеткен. Жеке тұлғасын растайтын құжаттар өзімен бірге болмаған. Сот-медициналық сараптама өткізу үшін мүрде қалалық мәйітханаға жеткізілді. Әйгерім Мұсаеваны туған ағасы таныды. Қазіргі уақытта көліктегі Ішкі істер департаментінің қызметкерлері тергеу жұмыстарын жүргізуде», - деді Алматы қалалық ІІД-нің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Сондай-ақ мәлім болғандай, 20 қазан күні кешкі 17:05-те Алатау ауданының тұрғыны полицияға хабарласып, бір күн бұрын отбасылық кикілжіңнен соң 27 жастағы әйелі Әйгерім Мұсаева үйінен кетіп қалғанын айтқан.

Екі баланың анасы Hit tv арнасында продюсер болып жұмыс істеген. Мұның алдында журналистің әріптестері Әйгерімнің жоғалып кеткені туралы әлеуметтік желіде жазып, көмек сұраған еді.