Қазақстандық хоккейшілер ел тарихында тұңғыш рет Құрлықтық кубокты иеленді

14.01.2019 15:11

Көкшетаудың «Арлан» хоккей клубы Ирландияда өткен Құрлықтық кубоктің иегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Арлан» соңғы шешуші матчта алаң иелері - жергілікті «Белфаст Джайантс» командасын 3:2 Б (2:0, 0:0, 0:2, 0:0, 1:0) есебімен ұтты. Кездесудің негізгі кезеңі 2:2 болып тең аяқталды. Арландықтар тарапынан Сергей Егоров пен Вадим Ермолаев алғашқы 20 минутта бір-бір шайбадан салса, үшінші таймда Кристофер Хиггинс пен Дастин Джанер есепті теңестіріп кетті.

Осылайша, негізгі уақытта ойын тең аяқталды. Овертаймда да жеңімпаз анықталмады. Ал буллитте арландықтар мергендік танытып, Құрлықтық кубоктың иегері атанды.

Айта кетейік, «Арлан» қазақстандық клубтар тарихында Құрлықтық кубокқа қол жеткізген алғашқы команда.  Ойын shaiba.kz сайтында тікелей көрсетілді. Көкшетаулық команда аталмыш жарыстың финалында Польшаның «Катовице» командасын 4:2, Беларусьтің «Гомель» командасын 8:2 есебімен жеңді.